Өлеңдер ✍️
ЕКІ ЖҮЗДІ
Жігіттер жүр жел сөзді пайдаланып,
Көзі жетпей өсекке еріп майдаланып.
Күнделікті көріп жүрміз ондай жанды,
Демеңіздер айтып отыр қайдан алып.
Басы жетпей нәрселерге айдан анық,
Арыла алмай қызғанышты ойдан шалық.
Салпаң құлақ мәстек аттай сылтау іздер,
Бәйге алмай жатса егер тайдан қалып.
Тілін безер жасырынып жар астына,
Біреу жайлы сөз таратар жарастыра.
Өзгелердің жетістігін көре алмай,
Тұз сепкендей шоршиды кеп жарасына.
Қу түлкідей кірген қасқыр арасына,
Тісі батпай қасқыр заман таласына.
Ғайбат айтып ел сыртынан, өсек тасу,
Жараспас іс өр қазақтың баласына!
Келсе алдыңа тұрғаны мүләйімсіп,
Сезінерсің тұрғандай бір гүл майысып.
Таба алмай ер мінезді, деп ойларсың,
Күні өткен бе, әйеліне кір жайысып?
Кеуде қағар деп жігіттің төресімін,
Жетер жерін түсіне алмай өресінің.
Екі жүзді тірлікпенен күн өткізер,
Сәйкес келмей ер жігітке көп ісінің.
Еркін Оралбайұлы 9.01.2019
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇