Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  77


Автор: Еркін Оралбайұлы

МИЗАМ ТУҒАН МЕЗГІЛДЕ

 


 


Неге сонша, көңіл құлап егілем,


Заман өтіп, жас келгенде қалжырап.


Жолықтың- ау мизам шуақ лебімен,


Миуасыз бақ тұрғанда маужырап.


 


Жүре аламын ғашық болмай неге мен?


Тəтті алмадай жүзің тұрса балбырап.


Малдың өзі қамыс- қоға жемеген,


Тұрған кезде еркін өскен бал- құрақ.


 


Күнде көріп, сырттан қарап қызыға,


Жан күйзелген көзімнен жас тамшылап.


Айта алмағам, қызықсам да қызылға,


Қанша оқталып, өзімді- өзім қамшылап.


 


Жанды қинап келген сезім мезгілсіз,


Мазалаған ой-санамды сан сұрақ.


Алдыңғы өмір не болары белгісіз,


Жүрек, шіркін, қалмайды ма қансырап?


 


Сындырмады ішті жеген шер кімді,


Жүрек кейде сыр береді əлсіреп.


Жеткізбекпін өлеңменен сертімді,


Тұрмаса да шабыт келіп, əн шіреп.


 


Еркін Оралбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу