Өлеңдер ✍️
БЕЛГІСІЗДІК
Белгісіздік жеп барады жанымды,
Ұрлағандай арайлы атар таңымды.
Күлім қаққан күнім бұлтқа кіріп-ап,
Солдыруда тамыр жайған бағымды.
Белгісіздік жүрегімді сыздатты,
Жан дүниемді салқындатты, мұздатты.
Қыс айлары түйіп алып қабағын,
Ызғарымен бетті қарып, үн қатты.
Белгісіздік жанарымды мұңды етті,
Жайбарақат сол күндерді құнды етті.
Уайым-қайғы жегідей жеп жанымды,
Бұл басыма азабы көп күн жетті…!
Неге бұлай, қателестім екен мен?
Шалыс қадам басқаным ба, бекерден…!
Алдау, арбау өтіріктің заманы,
Апаратын сәл қисайсаң қатерге ең…!
Сынақ шығар, қара бұлттай үйрілген,
Шуақты күн қараңғы боп киінген.
Жымыңдаған ай, жұлдызым қайдасың?
Алыстама, мына менің күйімнен.
Белгісіздік күні бітсін, оңынан,
Жаратқаным ризық беріп молынан.
Мен де алаңсыз өткізейін күнімді,
Бар қиындық кетіп менің жолымнан.
Уа, қуаныш келші менің үйіме,
Шаттық берші мына менің күйіме.
Жаратқаннан бар жақсыны сұраймын,
Бақ-береке келсінші деп, үйіле…!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇