Өлеңдер ✍️

  17.10.2024
  257


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

БҰЛАҒЫМ

БҰЛАҒЫМ


 


Бұлағым-ай, бұлқынасың іргеде,


Сәби көңіл таласқандай жүлдеге.


Толқының бар тепкілейтін кеудемді,


Тұншығады жыр неге?!


 


Түнде бүрлеп, аңсайтұғын таңды ұзын,


Жанға дәрі жағаңдағы жалбызың.


Жанарыңның жарқыраған түбінде,


Елестейді есі кеткен тағдырым.


 


Сыңғырлаған судың сұлу әлемі,


Кеудемде бір мөлдір арман бар еді?!


Құмға сіңіп ... салды мені әуреге,


Сезімдердің әлегі.


 


Ақырға сәт ғұмырымды тәмамдар,


Менің де бір көңілімде алаң бар.


Құя алмаймыз өзендерге екеуміз,


Аттатпайды айласы көп адамдар.


 


Бұлағым-ай, бал тіліңмен не түрлі,


Балалықты еске салдың кекілді.


Бұла күнім бұлағындай даламның,


Көкірегінен қайнап шыққан секілді.


 


Табиғатқа бірге келдік екеміз,


Өтті оған неше көктем, неше күз.


Алты аяқты теңіздерді армандап,


Жерден шығып, жерге сіңіп кетеміз


 


 


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу