Өлеңдер ✍️

  16.08.2024
  2757


Автор: Санжар Ғұлама

БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ...


Көсілейін мен бүгін көмейімнен жыр төге,

Біздің елдің жігіттері ТЕКТІЛІГІ бір төбе.

Әуелі Алла, содан соң,

Мынау байтақ далаға –

КӨК БӨРІНІҢ ҰРПАҒЫ ҚАЗАҚ дейтін жұрт еге.


Біздің елдің жігіттері – АРЫСТАНДАР азулы,

Қайран, ЕРІМ білмеген қамығумен қажуды.

Тарихы бар тағылымды санасына сақталған,

Жаңғырығы жылдардың жүрегінде жазулы.


Біздің елдің жігіттері –

БАТЫРЛАР ғой, БАТЫРЛАР,

Олар жайлы сыр шертер әлі талай ғасырлар.

Білегінде күш-қайрат сарқылмаған – ЕРЛЕРІМ,

Жүрегінде иманы жарқылдаған – АСЫЛДАР.


Біздің елдің жігіттері – жүрегінде оты бар,

Көрсем ТАУмен елестер биік-биік

ШОҚЫЛАР.

Әрқайсысы өзінше – бір ӘЛЕМ ғой,

Әлі алда

Ел ішінде ЕРЛІГІ жыр-дастан боп оқылар.


Беу, Қазақтың жігіттері ҚЫРАН ҚҰСТАЙ қырағы,

Қыран құсым биікке қалай ұшпай тұрады?!

Мынау Отан – от-жалын, «жарықтардың» шырағы,

Мынау байтақ кең дала – алыптардың тұрағы.


Досты алып құшаққа,

Жау-дұшпанын жайратты,

Таптай алмас ешбір ел – біздер тіккен байрақты.

Мынау елдің мәңгілік иесіне айналған

Жасай берсін ҚАЗАҚТЫҢ ЖІГІТТЕРІ ҚАЙРАТТЫ!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу