Әңгімелер ✍️
Домбыра безілдей жөнелді.
Домбыра безілдей жөнелді. Әке сабағын ұлы ұмытпапты. Он саусақ машығынан жаңылмапты. Үш-төрт күннен бері әлдебір қуанышпен алып ұшқан кеудеге орнап алған елгезек ыңыл бас бармақтан бипыл уіл төгіп, төрт саусақпен термелеп кетті.
Эльза сілекейін жұтына тамсана түсіп, көзін кең ашып қалыпты. Кең ашылған жанарда жаңа қонысқа келгелі бұған дейін білінбеген көкшіл ұшқын, көгілдір ұшқын жылтырады. Бадырайған әр көз бір-бір кішігірім тостаған, немесе бетіне кілегейленіп қабыршақ мұз тұнған ойық. Күлімсіреген жүзі ояу отырып тәтті түс көргендей елтіп алған.
Бас бармақ тәтті уіл созады. Төрт саусақ жүрек дүрсілдетеді.
Рабиға күпісін ысырып, басын көтерді. Алдымен Құбашқа, содан кейін оршыған саусақтарға үңілді. Қалтылдаған қолымен кимешегінен құлағын шығарды. Әлгінде зың еткен тосын үн құдыққа құлаған кесек тастай бітеу кеудесін солқ еткізіп еді. Күлгін көзде күңгірт жалын тұтатып кеткен екен.
Бір жанарда көкшіл ұшқын жарқырайды.
Екінші көзде күңгірт сәуле бұлдырайды.
Баяу уіл тентек желдірмемен алмасты. Жылдам терме майда уілмен ажарланды. Астыңғы ішек үстіңгі ішектің жетектеушісі. Үстіңгі ішек астыңғы ішектің жебеушісі.
Эльза қыбыр етпейді. Алыстан, көкжиектен жаңа ғана шашырап туып келе жатқан күннің қызыл шуағын алғаш қарсы алғандай, танауы қусырылып, екі қолын кеудесіне қыса тас қып айқастырып алыпты.
Рабиға сыздықтата күрсініп, көзін жұмды. Баяу бұлдыраған күңгірт жалынды жыбырлаған сирек кірпіктер жұтып жіберді. Сирек кірпіктердің астынан мөлт етіп қос маржан ытқып шыға келді де, өрмекшінің торындай әжімді жүзді қақ тіліп, төмен сырғанады. Қиян қиырдан адасып келіп, қаңғып келіп құлағына таныс шумақ құйылды.
"Ақ тілегім!
Өзіңе бақ тіледім.
Қайтейін, бұйырмады ақ тілегің, қалқажан!.."
Баяу уіл әлдиледі. Әлдиледі де жылатты.
Эльза қыбырсыз отырып ұйып барады, мүлгіп отырып зымырап барады.
Жетім сырын жетім жүрегі түсінді.
Ұланды қыз ұқты.
Разы көңіл іңкәрлік сезінді. Сағыныш та іңкәрлік.
Эльза күрсініп қалды...
Домбыра кілт тоқтады.
Құбаш иегін шошайтып Рабиғаға қарады. Бүк түскен кемпірдің беті көрінбейді. Құбаш секем алды. Алақанының сыртымен маңдайын бір сүртіп тастап, домбырасын алдына қайта өңгерді. Қабағының астынан қасындағы қызға жалт етті. Эльза күлімсіреп отыр екен. Көкшіл көзге тұнған қуаныш нұры Құбашқа да ауысты.
— Эльза, "Кеңес" күйін тартайын ба?
Қыз сол мерейлі раймен тез келісіп, басын изеді. Рабиға кеудесін тіктеді.
Асқақтап шалқып күй кетті. Әлгіндегі уіл жоқ, мұң жоқ. Жігер мен екпін бар.
Эльза домбыраға қадалды. Саусақ жағалай қыдырған жанары арбалғандай жоғары өрлеп, жігіт жүзіне тоқтады.
Не деген сыршыл жүз! Жүз емес көз! Ішке сәуле түсіп, сол сәуле жанарда құбылып ойнап тұр. Шілдеде қайнары шымырлаған ақ бұлаққа аспаннан мөлдірей нұр құйылып, су бетінде кемпірқосақ, жайнататын. Дәл сол! Оның бояуы қызыл да емес, жасыл да емес бәрі емес. Жанардың бояуы қуаныш, сенім, іңкәрлік, тазалық, пәктік. Сонан соң сәл ғана мұң шалған сағыныш.
Күй бітті.
Эльза лып тұрып барып, тұнғыш рет еркін жанасып Құбаштың маңдайын аялай сүртті. Тайтұяқ таңбаға ақ саусақ сәл кідірді. Ыстық дірілі білінді. Саусақтан жылылық сезілді. Құбаш қолын көтерді. Алақанды алақан сипады. Нәзік саусақтар доғал саусақтардың арасында қалды.
Екеуі біріне-бірі елжірей қарады.
Рабиға бергі жақтан мейірлене тіл қатты:
— Рақмет, Құбашжан! Өркенің өссін! Сөйт, құлыным! Қарындасыңды аяла солай! Түсінісіп өткен ғұмырдың қадірі артық. Жоғалтып алмаңдар...
Құбаш саусақты қоя берді. Сырғып кейін шегінді де, домбыраны қабырғаға сүйеді.
Эльза тізерлеп барып кемпірді құшақтай алды. Қушық иық тынымсыз селкілдейді. Бетін Рабиғаның кеудесіне көміп алыпты.
— Мына шіркін... Шіркін неме қайтеді?! Жылағаны несі? Сен де, Ылиза-ау, осал ма едің? Қой, жасық болма... Босама босқа... Күй ғой босатқан... Айналдым сол көңіліңнен... Соншама нәзік болармысың, күнім...
Кәрі жүрек қапысыз түсінеді. Түсінеді де тұспалдатпай, түкпірлемей ауызға түскен алғашқы сөздерді айтады. Солай жұбатады.
— Құбашжан, әлгіндегі бірінші тартқаның қай күй? Естімеген сарыным екен, деп Эльзаны әлдилегендей теңселіп отырып ұланға бұрылды.
— Апа-ау, өзім де білмеймін.
— Ә, солай ма...
Күлгін көзде күңгірт жалын тұтанды да, сөнді.
Рабиға басын салбыратып құшағындағы қыздың ақ селеу шашын саусағымен тарамдады. Аппақ мойнын сипады.
— Құбаш, сен әлгінде күй шығардың, құлыным. Күйіңнің атын "Ақ тілек" қой. Иә, "Ақ тілек" болсын. Ақ тілеуден өткен ардақты аманат жоқ.
— Жарайды, апа.
Эльза басын көтеріп екеуіне кезек қарады. Көзінде дымқыл қалмапты. Жайнаңдап тұр.
— "Ақ тілекті" тағы бір тартшы, — деді Рабиға жастыққа бүйірлей қисайып.
Эльза тез тұрып барып сүйеулі домбыраны алды. Құбашқа күліп ұсынды.
Кәрі кеуде қыбыр етпей сағыныш сазы үстіңгі тиекті ғана тыңдайды.
Жас жүрек қуаныш, шаттық дүрмегі астыңғы иекті ғана тыпырши аңдиды.
Ақ тілек дүрілдеп түр, дірілдеп түр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇