Әңгімелер ✍️
Түннің бір кезінде "Несіпжанның қызыл қоразын шақыртып барып" үшеуі дөңгелек үстелдің қасына жайғасты....
...Түннің бір кезінде "Несіпжанның қызыл қоразын шақыртып барып" үшеуі дөңгелек үстелдің қасына жайғасты. Ыстық наннан да, сынық кесе, шұңғыл табақшадан да шудаланып бу шығады.
Құбаш ыстық нанды екі ұртына үрген қарындай томпайтып екі-ақ қылғиды да, ыстық шайды өңешіне төңкере салады. Артынша-ақ жидіп қалған таңдайын ауырсынып және бәйек таппайды. Эльза күлкіден шыдай алмай, булығып теріс айналды. Шымшықтың тамақ жегеніндей бір кесек нанды шұқылап әлі тауыса алмай отыр.
— Ac адамның арқауы. Тойып ал, Құбашжан. Ылиза, қыз болмай кеткір, ыздимай асап-асап же. О несі, тамаққа ұяттық жүрмейді. Айналма өйтіп. Мұрныңды мың жерден шүйіргенмен Құбаштан артық таппайсың. Қосам дедім бе, қосам. Сөйтіп көрем әуселеңді. Оу, Ылиза-ау, сенікі астамшылық. Бақыр басты болса да, еркек аты бар емес пе? Солқылдаған нағыз азамат қой. Іш, Құбаш, тағы бір кесе құяйын. Аққұман шығып тұр.
...Шай жиналды.
— Ылиза-ау, төсеніш жай. Құбашжанның көзі кіртиіп кетіпті. Дем алсын, деп Рабиға жез құмғанын ұстап, күпісін жамылып сыртқа беттеді.
Эльза иығындағы шапанды шегеге іліп, от басындағы қараған сыпырғышты алып, дәл төрде қалшиып отырған Құбашқа жетіп тірелді. Ләм деп аузын ашқан жоқ. Ақ селеу шашы ит көрген мысықтың жүніндей үрпиіп кетіпті. Үндемей қитығып тұр.
Құбаштың күреңіткен дөңгелек жүзінде болар-болмас толқын төменнен жоғары қарай жүгіріп өтті. Қиық көзге ұшқындап кек тұнды.
— Не-міс-с!
Жалғыз сөз түйткілді кеудеден жауығып шықты да, заматта дәу жұдырық тарс түйіліп, талдырмаш дененің томпиып білініп қалған күс төсіне бар салмағымен сарт етті. Қыз тәлтіректеп ұшып түсті. Шөлмек көзден жас шықпады. Оймақ ауыздан ашынған ыза атылды.
— Дас ист айне Гемайнхайт! Флейчер!1
Құбаш өртеніп туған кекшіл қарасын өзгертпей шұбалаңдап орнынан тұрды.
— Неміс! деді тағы да шеге қаққандай нығарлай тістеніп.
Эльза сыпырғышты қос қолдай көтерді. Оңтайланып төніп келді. Оңтайланып келді де, кілт бұрылып кетіп, бұрқыратып жыртық алашаның үстін алас-күлес сыпыра бастады. Бұрқыраған шаң төрге де, есікке де ұшып жатыр.
— Бәрібір не-міс!
Құбаш баяу ғана күңк етті. Әлгіндегі ызалы ысылдың зілсіз суылы ғана қалған. Үйге Рабиға кірді.
— Күн райы бұзылып кетіпті. Аяз буып тұр екен, деп құмғанды плита үстіне қойды. Кебісін шешіп, төсек үстінен жайнамазын алып құбылаға қарата жайды. Отырды. Намазын бастай беріп, әлдене ойына түскендей бұрылып Эльзаға көз тастады.
— Әй, неге бұртиып жүрсің? Не болды? Тағы да Құбаш шығар. Құтырар бұл, құтырар!
Намаз оқылмай жайына қалды. Түрегеліп Эльзаның жазық маңдайынан сипады. Одан кейін босаға жақта сүйеулі тұрған сойқан сабауға қол созды. Салмақтап ұстап тұрып Құбашқа тігілді. Түсі тым қаһарлы екен.
Сабау көз ілестірмей шошаң етті. Эльзаның көзіне үрей оралды. Кірпігіне жас үйірілді. Құбаштың жонының шаңы бұрқ етті. Ақ таспаланып көнетоз бешпентте ашулы үкім ізі қалды.
— Ой, адырам қал сол! Қадір-қасиетті білмейтін маубас! Бір емес, екі емес, қоймайсың ба? Қаршадай қызға әлімжеттік қылғанда не өндірем дейді екен. Мә, ендеше! Әбден мысымды құрттың ғой!
Ақ сабау тағы да екілене көтеріліп, төбеге тиердей жарқ ете қалғанда, Эльза ұшып кеп кемпірдің қолынан ұстай алды. Шүлдірлеп асығыс әлденені түйдек-түйдек шұбыртып жатыр. Анда-санда құлаққа майдай жағып «апа» деген қазақ сөзі анық естіледі. Рабиға кілт мейірленіп, сабауын лақтырып тастап екеуін кезек құшақтады.
— "Апа" деген тіліңнен айналдым, күнім. Шүлдірлеген үніңнен айналдым, күнім! Кәрі саулықтың жасындай жасым қалғанда естімей кетем бе деген митық сөзім еді. Құдай аузыңа салған шығар, Ылизажан. Апамын мен! Екеуіңнің де анаңмын! Ырзамын, тәңір! Қазір алсаң да, арманым жоқ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇