Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  153


Автор: Серікбай Оспанов

Еске алмаппын боран мен дауыл барын...

Еске алмаппын боран мен дауыл барын,


Келетінін біздіқ де ауылға мұң,


Жүрегімді тілімдеп кетті менің


Жылдай болып бір күнгі ауырғаның.


 


Сөйлесе алмай дұрыстап баламен де,


Сыр шертісіп кете алмай ағамен де,


Бір-ақ күнде жетім боп шыға келдім,


Жалғыз өзім қалғандай бар әлемде.


 


Демеп едім бұл тағдыр түйер қабақ,


Сен жазылып келерсің үйге ертең-ақ.


Шылдыр етсе телефон,


Қағылса есік,


Отыр қорқып жүрегім дір ете қап.


 


Дәл осылай


Түндерде мен кешіккен,


Отырдың ба көз алмай сен де есіктен?!


Жүрегімді тербетер жан таппадым,


Бар әлемді тербеткен жер-бесіктен!


 


Күдік пенен болды тек еншім – үміт,


Тағдыр – мұзда кеткелі сен сүрініп.


Аурухана жаққа енді алаңдатпай,


Еркешім-ай, есіктен келші кіріп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу