Өлеңдер ✍️
Жадырап тұр жаз айы самал есіп...
Жадырап тұр жаз айы самал есіп,
Жазирада мерейің қалады өсіп.
Жел-термеші желдіріп желдірмесін,
Егін – ұлын тербетті дала-бесік.
Шақырайып күн де тұр бәрін ойлап,
Тау да, тас та билейді сағым ойнап.
Бір отар қой барады көлге құлап,
Қозы-лақтар беткейде салып ойнақ.
Бір шөкім бұлт таппайсың көктен іздеп.
Жоңышқаны қаласың көк теңіз деп.
Тулап жатқан толқындап егіндіктен
Машиналар жүр, әне, өткел іздеп.
Аймалайды жатсынбай сені желі,
Таңдандырып, шіркін-ай дегізеді.
Бір- бірінің баласын сыртқа теппей,
Мейірленіп киіктері емізеді.
Дәм татырып кімге де бұлағынан,
Әуезге елтіп, елжіреп тұрады маң.
Бұлқынады,
Дүние құлпырады,
Көкте күннің нәр алып шуағынан.
Бал арасы түрленген үйір гүлге,
Гүл ме дерсің жылқының үйірін де.
Табиғатпен үндескен адамдары,
Ауылға бар шөлдесең мейірімге!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇