Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  193


Автор: Серікбай Оспанов

Төсек салып...

Төсек салып,


Жатып ең киіз үйдің


Күн түспейтін таңертең іргесіне.


Қиялдадың – бір күлдің, бір жымидың,


Тіркемеші ұл,


Алдың сен кімді есіңе?


 


Кең аспанды Ай, Жұлдыз безендірді,


Шырылдайды шегіртке тыным алмай.


Бақа ән салды.


Сылқылдап өзен күлді.


Тамаша еді даланың түні қандай?!


 


Көз тігесің шалқаңнан жатып алып,


Айлы аспанның  арманды аясына.


Анда-санда жұлдыздар жатыр ағып,


Шөпшілердің түспегей маясына...


 


Бәрі-бәрі рақат, жанға жайлы,


Басқа әлем: сырға толы, толы гүлге.


Жүрегің де әсерлі ән қалайды,


Жалғыз сол қыз баз қалпы көңіліңде.


 


Барасыңдар жүгіріп гүлді кешіп,


Қуанышты екеуің құлаш керіп...


Қажымұқан тойыңда жүр күресіп,


Бибігүл мен ән салды Күләш келіп.


 


«Темірқазық».


Байлаулы арғымақтар


«Жетіқарақшыға» да бұйырмаған.


Жап-жасыл боп тұр мұнда мәңгі бақтар,


Көз тұндырып жемісі жиылмаған.


 


Құшақ жайса алдыңа түсіп еркең,


Сұлулыққа, қызыққа тоя алдың ба?


...Тіркемеші ұл,


Барлығы түсің екен,


Трактордың даусынан ояндың ба?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу