09.05.2023
  179


Автор: Дархан Қыдырәлі

АЛҒАШҚЫ АСУ

Ақмешітте екі жыл білім алған Мұстафаны әкесі Ташкенттегі орыс гимназиясына оқуға бермек болды. Осы ойға бекіген


Шоқай би 1902 жылғы 24 наурыз күні Ташкент ерлер гимназия-сы директорының атына өтініш жазды. Ол көп ұзамай гимназия басшыларының қолына тиді. Мамыр айында олар бидің өтініші мен соған қосымша ретінде тіркелген туу туралы куәлік,денсаулығы тура-лы анықтама және Ақмешіт қалалық училищесі берген анықтаманы қарап, комиссия оң шешім қабылдады. Олардың мұндай шешімге келуіне училище тарапынан берілген мінездеме де әсер етті. Әйтсе де,баланың оқу үлгерімі мен әкесінің беделі де бұған бір жағынан сеп болды.


Расында, Сырдария облысындағы беделді адамдардың бірінен са-налатын биді Ақмешіттегі әкім-қаралар жақсы танитын. Сондықтан олар «мұндай беделді адамның баласы орыс мектебіне келіп оқып жатса, онда патша өкіметіне адал қызмет ететін тілмаштар саны арта түседі» деп ойлады.


Бұлар Ташкент шаһарына тамыз айында келді. Өлкенің астанасы бұл көрген Ақмешіттен де, жолай өткен Түркістан мен Шымкенттен де әлдеқайда үлкен екен. Биік, әсем ғимараттар, жан-жағы жасыл-желекке оранған ұзын, кең жолдар, әрі-бері ағылған адамдар. Қалаға кіргенде көбірек кездескен қазақтар мен өзбектер бірте-бірте сейіліп, оқалы, келісті шенеуніктер мен көрікті киінген кербез келіншектер саны арта бастады. Осындай әдемі, алып шаһарда оқитынын ойлап қуанған ол жол бойы төңіректен көз алмады. Бұлар мінген пәуеске Соборный, Воронцов, Кауфман көшелері арқылы баққа оранған Кон-стантиновский скверіне келіп кірді.


 


Гимназия қаланың орталығында, Генерал-губернатордың үйі мен қалалық театрдың арасында, «Регина» қонақ үйінің жанында орналасқан екен. Төрт қабатты ғимараттың ішіне енген бұлар ұзын дәліз арқылы өтіп,директордың қабылдауына келді.Николой Остроу-мовтан босаған орынға тағайындалғаны бір жыл ғана болған дирек-тор Евгений Вознесенский жылы шыраймен қарсы алып, мектептің ережесі туралы айтып,оны жатақханаға орналастырды.Жасы алғашқы мүшелге енді аяқ басқан ұлына «орыстың оқуы өтіп кетпес» үшін әкесі сақтық жасап, оны жақын маңдағы мұсылманша дәріс беретін діни мектепке тіркеп қойды.


Алғашында бұйығы көрінген қыр қазағының қара баласы гимназиядағы сыныптастарымен тез тіл табысып кетті. Бірінші сы-ныпта үш пен төрт аралас баға алған Мұстафа келер жылы оқу оза-ты болды. Сол жылы сабақ үлгерімі жоғары болған алғыр бала тез көзге ілініп, генерал-губернатордың арнайы стипендиясын алды. Стипендия ретінде 100 сом берілетін. Бұл әрине, сол кезде өте көп ақша. Сондықтан ол ауылдан қаражат-көмек сұрамай, қайта өзі көмектесе бастады. Кейінгі жылдары да оқу үлгерімі төмендемей, сыныптан сыныпқа оқу озаты болып көшіп отырды. Олардың сы-ныбында негізінен орыс балалары оқитын. Үшінші сыныпқа көшкен 1904 жылы жалғызсырап жүрген оның жанына Тараздан Нұршанов Хамза деген қазақ баласы келіп қосылды. Тізе қосып, сабаққа бірге дайындалатын достар оқу жылының соңында мақтау қағазын бірге алатын.


Мұстафа        үшінші       сынып       оқып      жүрген       жылы       Түркістан жұртшылығын елең еткізген оқиға болды. 1905 жылы империяның астанасын дүр сілкіндірген төңкерістің дүмпуі Ташкентте де қатты сезілді. Жер ауып келген орыс зиялылары мен әртүрлі өндіріс орын-дарында жұмыс істейтін жұмысшылар ғана емес, студенттер мен жергілікті халық та төңкерістің әсерін сезіне білді. Түркістандық жәдитшілдер, зиялылар мен оқығандар, ел қамын ойлайтын қабырғалы азаматтар Ресейде құрсаулы сеңнің бұзылып,империяның көбесі сөгіле бастағанын аңғарғандай болды. Оның үстіне сол жылы Ресейдің пәкене бойлы жапондардан ойсырай жеңіліп қалғаны да ұлтшыл, елшіл азаматтардың рухын оятып, намысын жанып, оларды келешекке үмітпен қарауға шақырды. Соның арқасында «алақандай ғана аралға орналасқан жұпыны жапондар ормандай халықты тізе бүктірсе, біз неге азаттық жолында күреспейміз?» деген қоғамдық пікір қалыптасып келе жатты. Осы мақсатта жапондардан үлгі алуға, біліммен қарулануға шақырған жәдитшілдер жаңа үлгідегі мектептер,басылымдар, жасырын ұйымдар және түрлі мәдени шаралар арқылы қарапайым халықтың көзін ашуға ұмтылды.


Бұл кезде мүшел жастан асып, ақыл тоқтата бастаған Мұстафа гимназияның үшінші сыныбында оқып жүрген болатын. Ташкенттегі жоғары оқу орындары сияқты олардың гимназияларында да төңкеріс жайы сөз болып, Петербургтегі оқиғалар түрлі деңгейде талқыланып жататын. Осындайда кейбіреулер пікірін ашық білдіріп жатса, енді біреулері үндемей, әліптің артын бағатын. Бұл да сақтық жасап, түрлі талқылаулар мен жасырын жиындарға аса қатыса қоймады. Өйткені төңкерістің артынша патша үкіметі реакциялық тәсілге көшіп, оқу орындарын қыспаққа алған еді. Оның үстіне, 1898 жылғы Әндіжан көтерілісінен кейін жергілікті халыққа сенімсіздік күшейіп, қысым арта түскен болатын.Әр жерде,әсіресе оқу орындарында «үндеместер» мен «салпаңқұлақтар» қаптап жүрді. Олар кімнің не айтқанын сол мезетте «охранка» қызметкерлеріне жеткізіп баратын. Ал патшалық биліктің өзіне қарсы келген азиаттықтарды аямасы анық. Сол мезет-те оқудан шығарып жібереді. Осы жайды аңғара білген Мұстафа ішкі сезімін тежеп, сақтық шараларын жасап жүрді.


Гимназияда оқи жүріп тарихқа, соның ішінде әсіресе туған елі мен жерінің, ертеде «Тұран» деп аталған ұлы Түркістан мен жарты әлемге билігі жүрген қыпшақтардың тарихына құмартып, әуестеніп, оны-мен шындап айналысты. Ол осы жылдары әйгілі ғалым, Түркістан тарихының білгірі В.В. Бартольдтың басшылығымен жұмыс жасаған «Түркістан                       археология             әуесқойлары»          үйірмесінің              жұмысына тыңдарман ретінде қатысып жүрді. Түркістан өлкесінің археоло-гиясы мен этнографиясы, тарихы мен мәдениеті туралы тартымды тақырыптар төңірегінде сөз қозғалатын үйірме жұмысына Н.П. Остро-умов, В.В. Наливкин, В.И. Вяткин, И.И. Гейер, С.М. Граменицкий, Ф.И. Керенский, А.А. Диваев, Н.А. Авиков, Н.Г. Маллицкий, С.Н. Лико-шин,О.Н.Петровский,В.Ф.Ошанинсияқтытанымалтұлғаларқатысып, ғылыми мәні терең баяндамалар жасайтын. Ташкентте бұл оқуға түскен жылы жұмысын жаңа бастаған «Шығыстану» қоғамы да оның жиі бас сұғатын орындарының бірі еді. Танымал ориенталист-ғалым, белсенді миссионер,Ташкентмұғалімдер семинариясының директоры Николай Остроумовтың басшылығымен жұмыс істеген бұл қоғамның дәстүрлі жиналыстарына С. Саидазимбаев, М. Исамұхаммедов сияқты түркістандық жәдитшіл зиялылар да белсене қатысатын.


Мұстафаны ғылымға жетелеп, оның талантын ұштай білген тұлғаның бірі — башқұрттан шыққан әйгілі этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев еді. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген құнды еңбектер жазған Әбубәкір Диваев «Түркістан археология әуесқойлары» ұйымының жұмысынан қалмайтын Мұстафаны бірден аңғарды.Жақын танысып алғаннан кейін Диваев оны үйіне шақырды. Ғалымдығымен бірге азаматтығы, парасат-пайымы да жоғары, биік Диваев үйіне келген Мұстафа мен оның достарын жақсы қабылдап, олармен сұхбат құрды. Ғылымға ынтық жас шәкірттер түрік та-рихы мен әдебиеті, мәдениеті жайында, соның ішінде қазақтың ұшы-қиыры жоқ фольклоры туралы терең әңгіме қозғаған Әбубәкір ағаларының үйіне бұдан кейін де жиі барып тұрды. Диваев гимна-зияда оқитын түркістандық шәкірттерді жігерлендіріп, қажет болған жағдайда оларды қолдап, материалдық жәрдем де беріп отырды.


Бірде Әбубәкір ұстаз бұдан «Ибраһим Құнанбайұлы деген ақынды естідің бе?» деп сұрады. Бұл білмейтінін айтты. Ол үшін қысылып та қалды.Диваев күлімсіреп,сөреден кітап алып,мұның қолына ұстатты. Петербордан жақында ғана алдырыпты, кітап жап-жаңа. Мұстафа ақырын ашып, өлеңдерді оқи бастады:


Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге.


Ақынның тереңдігі оны баурап алды. Алдынан бұрын көрмеген дүниенің қақпасы ашылғандай болды. Естіп, оқып жүрген шайырлар мен жырауларға мүлдем ұқсамайды. Ол ары қарай оқи берді.


Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы — Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың


Шариғатқа шаласы, — деген өлең жолдарына келгенде тіпті үңіле түсті.Алайда өлеңнен:


Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой, Я тілмаш, я адвокат


Болсам деген бәрінде ой, — деген сөздерді оқып қатты ойланып қалды. Заңгер болсам деген түпкі арманын білетін Әбубәкір ағасы оның қай жерде мүдіріп қалғанын көргеннен соң:


— Бұл жолдар саған арналмаған, бұл тамырдан қол үзіп, қара басының қамын күйттеп, құлқынының құлы болған, қызметі үшін ұлтын сатқан,тілді меңгергенімен әдебиет пен мәдениеттің, ілім мен білімнің тұңғиығына бойламаған өресіздерге айтылған сөз, — деп бұған Абай туралы әңгімелеп берді.


Қазаннан шыққан ғұлама Маржанидің жолын ұнататын Диваев уақыт өте келе жігерлі жасөспірімді жәдитшілдердің жетекшілерімен таныстырды. Түркістандағы жәдитшілдік-жаңашылдық қозғалысына ұйытқы болған мүфти Махмұт хожа Бехбуди, Мүнәууар қари Абду-рашидханов сынды жәдитшілдермен танысқан ол мұнда «усул-и жәдит» мектептері туралы білді. Түрлі әңгімелер барысында Ташкент қаласында ашылған тұңғыш «усул-и жәдит» мектебінің құрушысы Мүнәууар қари ағартушылық туралы сөз қозғаса, мүфти Махмұт хожа Бехбуди азаттық жолындағы саяси күрестің тәсілі жайын-да ой толғайтын. Орыс мектептерінде оқып жатқан түркістандық шәкірттердің тәрбиесіне үлкен мән беретін Бехбуди Түркістаннан Ресей Мемлекеттік Думасына мүшелікке орысша білетін және заң факультетін бітірген азаматтардың өтуін жақтайтын. Сондықтан ол ұлтшыл, елшіл жастармен кездескенде «орысша оқыңыздар, заң біліңіздер, біздің күресіміз заңның шеңберінде өрбуі тиіс» деп үнемі айтып отыратын. Мұстафа әкесі Шоқай бидің өзін неге орысша және заң оқытқысы келгенін сонда барып анық түсіне бастады. Қырымнан шығатын «Тәржіман» және Ташкентте жарық көретін «Хуршид», «Тараққи», «Шухрат», «Тужжар» сияқты жәдитшіл басылымдар арқылы танымдық дүниелерді оқып, ойына ой қосып, есейе түскен ол мұнда Шихаббедин Маржани, Исмаил Гаспыралы, Юсуф Акчура және бодандық қамытын киген мұсылман-түрік халықтарының ұлт-азаттық жолындағы күресі туралы мәліметтерге қаныға түсті.


Мұстафаның саяси істерге құмарта бастауы да осы кезең.Түркістан жәдитшілдерінен алғашқы саяси сауатын ашқан ол Ташкенттегі зиялы қауым өкілдерімен де тығыз араласа бастады.Мұстафа мектепте бірге оқитын татар досының әкесі, генерал Сақыпкерей Яныкеевтің үйіне баруды ұнататын.Патша әскерінде қызмет етіп,жоғары шен алған ге-нерал жас жігітпен кейде саяси тақырыптар төңірегінде әңгімелесіп қалатын. Бірде әңгіме үстінде өзінің Петерборда заң факультетінде оқығысы келетінін, алайда ол үшін түркістандықтарға арнайы сти-пендия қарастырылмағанын жеткізді. Алғыр жігіттің бірбеткей, қайсар мінезіне тәнті болған генерал сол жолы стипендия алуға өзінің көмектесетінін айтып, Мұстафаны қуантып тастады.


Гимназияның соңғы сыныбына көшкенде Мұстафаның қоғамдық-саяси жұмыстарға араласуы жиілей түсті. Елден істі болып неме-се басқа да себептермен келген ағайындар дереу Мұстафаны іздеп,тауып алатын. Ташкентті жақсы білетін, оның үстіне орыс тілін жетік меңгерген ол келгендерге көмектесіп, жұмыстарының тез әрі сәтті аяқталуына жағдай жасайтын. Елден келгендер де оның ресми орын-дарда шыртиып отырған оқалы шенеуніктерден қаймықпай, олармен тең сөйлесіп, күрмеуі қиын мәселелерді тез шешіп беретініне таң қалып қайтатын.Олар Мұстафаның қолынан бәрі келеді деп ойлайтын. Сондықтан «жас баланы бекер мазаламайық,уақытын алмайық,қиын мәселеге кез келіп,тауы шағылып,беті қайтып қалар» деген ой оларға кіріп те шықпайтын.Мұстафа да өйтіп ойламайтын.Әйтеуір уақытын бөліп, ретін тауып, қиюын келтіріп, дәрменсіз адамға көмек беруге тырысатын. Сөйтіп жүріп ол қолданыстағы заңдардың біршамасын жетік біліп алды. Ресми үкімет адамдары мен шенеуніктерге мәселені қалай қою керектігін де меңгеріп,мемлекеттік істерге әбден машықтанды.


Осылайша бала Мұстафаның аты елде ілтипатпен айтылатын бол-ды.Сөйтіп оған өтініш айтып келетіндердің де саны да күн сайын арта түсті.Олар әкелген мәселелердің кейбірі ұсақ болса,енді бірінің арыз-өтініші генерал-губернатордың алдында шешілетін. Алдына бірнеше рет келген қағілез қазақ баласының орыс тілін жетік білетінін әрі өте қабілетті екенін көріп «жарты патша» генерал Самсонов гимназия оқушысына бірде ұсыныс жасады. Оны ұнатып қалғанын жасырмай, өзіне тілмаш болуға шақыратынын айтты. «Бұратана халыққа» шеке-ден қарап үйренген генерал осы ұсыныс арқылы қыр қазағын шексіз бақытқа бөледім деп ойлады.Алайда ол жаңылысқан еді.Мұстафа оған сыпайы түрде рахмет айтып, өзінің оқуын одан әрі жалғастырғысы келетінін жеткізді. Бұған шырт ете қалған генерал жұлып алғандай:


— Оқуыңды қай салада жалғастырғың келеді? Әйтеуір заң саласы емес шығар деп ойлаймын.


— Дәл үстінен түстіңіз, жоғары мәртебелім, заң факультетін қалаймын!


— Заң факультетінде түркістандықтарға берілетін орын тек орыс-тар үшін ғана. Онда бұратанаға стипендия қарастырылмаған.


— Маған Қазан татарларының стипендиясы уәде етіліп қойған. Әлі мектеп бітірмеген бұратаналық гимназия оқушысының бұлай


еркін сөйлесіп, сұңқардай саңқылдап тұруы генерал Самсоновтың төзімін тауысты. Сызданып, сазара қалып ол Мұстафаға «бара бер» дегендей есікті нұсқады.


Генералдың сазара қалуы жайдан-жай емес болатын.Ол кезде көзі ашық, көкірегі ояу жергілікті халық өкілдерін мемлекеттік жауапты істерге мүмкіндігінше жолатпау және заң факультетінде оқытпау туралы жасырын нұсқау бар еді. Ал мына бала болайын деп тұр екен. Көзіндегі ұшқынды көрмейсің бе? Тіпті имену, жасқану дегенді де білмейді өзі. Мұны қайтсе де тежеу керек. Өзін Түркістанның толық қожайынымын деп сенетін Самсонов осыны ойлап, үстелінің үстін мазасыз шыртылдата бастады.


Мұстафаның          «жарты        патша»        атанған          қаһарлы        генерал-губернатордың ұсынысын кері қайтаруына негізінен үш себеп бар еді. Ол әуелі білімін одан әрі жалғастыруды қалады. Сөйтіп, заңгер ретінде бодан халқының мұңын жоқтап, оған болыспаққа бекінді. Әкесі айтқандай, дүйім қазаққа және тұтас Түркістан өлкесіне пайда-лы азамат болғысы келді. Содан кейін, ол жұмыссыз қалса да, тілмаш болғысы келмейтін. Өйткені, тілмаштардың көбінің ақшаға сатылып, елін, жерін саудаға салып, халықтың обалына қалып жүргенін көріп іштей қынжылатын. Тілмаштарды жергілікті халық та сыйламайтын. Елді алдайтын арамза аудармашыларды жұрт танып білгендіктен, оларға деген сенімдері де жоғалған еді. Елден келген ағайындардың төңіректе жалаңдап жүрген көп тілмаштың біріне бармай, Мұстафаға арқа сүйеуі де сондықтан-тұғын. Дегенмен, оны Самсоновқа «жоқ» деп жауап беруге мәжбүрлеген себептердің негізгісі — бұл генерал-губернатор барып тұрған шовинист еді. «Орыс мұжығының ұрысы да кез-келген түркістандықтан, тіпті оның әулиесінен де артық» деген Самсонов астамсып, Әулиеата мешітіне патша мен өзінің суреттерін ілдіріп қойған. Мешітті Алланың үйіне балайтын мұсылман жұртын бұдан артық қорлау болмас, сірә. Сондықтан жұрт жек көретін, бейкүнә халықтың қарғысын арқалаған, тұтас Түркістанды аяғының астына алғысы келген жексұрын генералдың жанында оның жүргісі келген жоқ. Астамшыл неменің қызметшісіне айналып, айтқанын орындауды малай болып, халыққа сатқындық жасаумен тең көретін ол осылай өзін даңқ пен дүниенің, атақ пен ақшаның астына көміп тастайтын қызметтен саналы түрде бас тартты.


Үлгілі шәкірт мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысты. Гимназияда түрлі кештер өтіп, сахнаға скетчтер қойылатын. Бұл қойылымдар әдетте мемлекеттік қызметтерге байланысты бо-лып, Мұстафа көбіне мемлекет немесе аймақ басшысының рөлін сомдайтын. Ол өзіне ұсынылған тұлғаны тамаша орындап шығатын. Оның бойынан талантты басшының, қоғам қайраткерінің, дана көсемнің бейнесі атойлап тұратын. Алайда бұл қойылымдар тура-лы жоғары жаққа сыбыс жетіп, тексеру жұмыстары жүріп, гимназия басшыларының басын ауырта бастады.Тіпті бұның астарынан әлдебір төңкерісшіл пиғыл іздеп әуре болғандар да табылды. Дегенмен,оларды шошытқан басқа нәрсе еді: «Неге әлдебір бұратана өкілі ұлы халыққа басшы болып ойнайды.Ұлы халықтың өкіліне бұйрық беретін ол кім өзі? Ойын да болса, орысқа бұратана басшы болмауы керек!»


Оқу аяқталар тұс та жақындап келді. Гимназия дирекциясы мен Түркістан өлкелік оқу-ағарту бас инспекциясы Мұстафаны ең жоғары сыйлыққа — «алтын медальге» ұсынды. Алайда қастық ойлаған генерал-губернатордың шешімі басқа еді. Ол алтын медальге лайық басқа бір орыс баласын табуға бұйрық берді. «Өзін қорлап кет-кен бұратана оның қолынан алтын медаль алуға тиіс емес! Жабайы халықтың өкілі алтын медаль алатындай ақылды болмауы керек! Бүкіл гимназиядан бір адамның табылмағаны ма? Бұл «қырғызды» ретін тауып сүріндіру қажет! Оны тіпті сынаққа да кіргізбеу керек! Ол сонда барып генерал-губернатормен қалай сөйлесу керек екенін түсінеді». Осыны айтып, ол бүкіл гимназия басшылығын аяғынан тік тұрғызды.


Гимназия директоры Е.А. Вознесенский өте әділ адам болатын. Ол Самсоновтың пиғылын ерте сезіп, Мұстафаға болысып, мән-жайды айтып, С.М. Граменицкийге хабарласты. Астанадағы Петер-бор университетінің физика-математика факультетін 1881 жылы бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Ташкенттегі осы гимназия-да оқытушы болып бастаған Сырдария облыстық халық мектептері дирекциясының басшысы Сергей Михайлович шовинистік пиғылдан ада, болмысы таза, ғалым адам еді. Ол мектептерде шәкірттерді ұлтына бөлмей, Ушинскийдің жолымен дауыстап оқу мен оқу-жазудың бірге үйретілуін қолдап, Ильминскийдің миссионерлік тәсілінен бас тартуға шақырып, сол үшін шоқындыру саясатының өлкедегі «бас идеологы» Николай Остроумовпен тартысып жүрген болатын. Сондықтан, ол өзінің жақын досы, халық мектептерінің бас инспекторы Ф.М. Керенскиймен ақылдасты. Федор Михайлович Симбирскіден осында қызмет бабымен ауысып келген болатын. Ол қалай болған жағдайда да мәселенің әділ шешілуін қолдайтынын ай-тып, гимназия директорына 17 мамыр күні Мұстафаның жоғары оқу орнына түсуіне жол ашатын хат жазып берді. Осылайша екі дос Ми-хайлович маңдайы жарқырап шығып келе жатқан өндірдей өреннің болашақ тағдырына үлкен ықпал етті.


Ойында ештеңе жоқ Мұстафа бұл кезде барлық пәннен сынақ тап-сырып,жоғары баға алып жатты.Ол заңнан,орыс тілінен,философия-дан,тарихтан,географиядан,математикадан,физикадан «5» деген,ал француз және неміс тілдерінен «4» деген баға алды. Өмірдің өзі келе-шекте бұл пәндерді беске тапсыруға итермелейтінін ол кезде Мұстафа,әрине, білген жоқ. Дегенмен, жалпы сынақ қорытындысы бойынша, ол ең үздік оқушы болып табылды. Бәрі Мұстафаны құттықтап жатты. Алайда генерал Самсонов үздік шыққан Мұстафаға күміс ме-даль, ал екінші орын алған Александр Георгиевич Запрометов деген бітірушіге алтын медаль беруге бұйрық берді. Мұндай әділетсіздікке төзбеген ол күміс медальді алудан бас тартты. Оның батыл қадамын гимназия директоры мен сыныптас достары да қолдап шықты. Тіпті Александрдің өзі алтын медальдың нағыз иесі Мұстафа екенін айтып, оны алудан бас тартты. Осылайша, ол 1910 жылдың 2 маусым күні өміріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп №1035 нөмірлі ерекше ат-тестаталды.Осыдан кейін Мұстафа шаттанған көңілмен туған ауылы-


на аттанып кетті.


«Жаратқан — шебер» деген. Тағдырдың ісіне қараңыз. Федор Ми-хайлович — 1899 жылы Ташкенттегі осы гимназияны үздік бітіріп, Петербордағы Тарих-филология факультетіне оқуға түскен, кейіннен патшаны тақтан тайдырып,Уақытша өкіметтің басшысы болған Алек-сандр Керенскийдің туған әкесі еді.Ол 1887 жылы ағасы Александр ақ патшаға қарсы келіп, өлім жазасына кесілгені үшін алтын медальден қағылып тұрған Владимир Ильич Ульяновқа да болысып, оған тама-ша мінездеме жазып, Қазан университетіне жолдама берген еді. Енді, міне, Мұстафаның жолын да ашты. Бұл оның әрі Ташкенттегі соңғы бұйрығы еді.Сол зейнет жасына жетіп,демалысқа шыққан Федор Ми-хайлович көп ұзамай Петербордағы адвокат ұлының қолына көшіп барды. Ол сол кезде мақтан тұтқан осы екі шәкіртінің бірі Ресейдегі төңкерістің көсемі,ал екіншісі Түркістанның саяси серкесі болып,им-перия тізгінін қолына алған ұлына қарсылас атанарын, әрине, білген жоқ. Ғайыптан хабар келіп, болашақты болжай білгенде, Ленин және Шоқай деген тұлғалардың тарих сахнасына жарқырап шықпауы да мүмкін еді. Әрине, бұл —Алланың жазуы. Бізге белгілісі, кейіннен Ле-нин атанған Ульянов оның сүйікті ұлын биліктен ғана емес,тіпті туған топырағынан келместей етіп қуды. Ал ұстазының ұлын Уақытша өкімет тұсында қолдаған Шоқай Еуропада эмиграцияда жүргенде онымен бітіспес қарсыласқа айналды...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу