Өлеңдер ✍️
Құрбым!
Саған нені айтады жыр тілі,
Тірлігімнің жамалмай көп жыртығы.
Қыз едім ғой, ойнақтаумен от басқан,
Мен де, елуге келемін бе, бір күні.
Жаратылыс жанымызға жел берді,
Ел ішінде керіп жүр деп кеудеңді.
Елу дейді… қарағаным осы еді-ау
Дүниеге көзімді ашып енді-енді…
Бір үзімдей, нанға қашан жетемін,
Деп әжемнің тартқылаушы ем
етегін.
Өткен күннің қателігі сабақ боп,
Енді білдім, ақ қараның не екенін…
Туғамыз жоқ жалынан ұстап бақыттың,
Көзімізге қызыл өрттей батып күн.
Өстік шөлдеп, әлдиіне ананың,
Сәбиі боп отқа оранған уақыттың!
Оқу қиын толқымай сол іздерді,
Көңіліміз көктем еді, күз келді.
Арамызды алыстатпай, жақын ғып
Туыстырған ортақ уақыт біздерді…
Құрбым, біздің жел өтпесін арадан,
Аласы іште, әртүрлі ғой, әр адам.
Балалықты еске, аламын, есірмей,
“Аязбидей есік жаққа” қараған…
Жер көктер ме, көз жасымды төкпей
бір,
(Арзандады. арзан жұртқа өтпей
жыр.)
Соғыс жылы бөліп жеген құрбыммен
Таңдайымнан талқан дәмі кетпей
жүр…
Үмітімдей үзілмесін көктей гүл,
Жоқтауменен көздің жасы кеппей
бір…
Әке шеше орнына әжем елестеп
Көз алдымнан балалық шақ
кетпей жүр.
Жыр тойына, жырсыз келу қиын-ақ,
Бай емеспіз. Үйір берер, үйір ап.
Көк орамал сыйлағамын
басыңа
Көк асапанның бір шетінен
қиып ап….
Аспанымнан еркін күлмей күн әлі ,
Сыртқа шықпай, ойым іштен тынады.
Мінезімнің қыңырлығына да бұл
Соғыс кезде туғандығым кінәлі!…
Көрмегенге,
көрінетін қиялдай,
Өтіп кеткен онбесімді қия алмай.
Ел алдында есеп беріп өзіңдей
Мен де елуге келемін бе,
ұялмай!?
Үмітімнің отын үрлеп өрлеген,
Өзіңе ұқсап, отырып бір төрге мен.
Жас едім ғой, шыныменен елуге
Келемін бе, шешем келіп көрмеген…
28 сентябрь 1991ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇