Әңгімелер ✍️
«Қала қандай жаман...»
Бұрын олар қаланың шетінде бір бөлмелі ескілеу үйде тұратын. Әрі үйлері бірінші қабатта. Айнұрдың арманы балконы бар пәтер еді. Міне, бүгін ол сол арманына жетті. Папасы жаңа пәтер алды. Екі бөлмелі. Қос балконды, бесінші қабатта. Аспанға жақын. Әрі таудың етегінде. Айнұрдың қуанышында шек жоқ. ұшқыштар секілді балконнан айналаға қайта-қайта қарайды. Көзі тоймайды. Бәрі керемет. Бәрі көзге алақандағыдай көрінеді. Бүкіл қала көз алдында. Бір уақытта балконнан түсіп, аулаға шықты. Өзі қатарлы қыз балалармен ойнағысы келді. Әрі-бері жүрді. Ешкіммен шүйіркелесіп кете алмады. Бәрі бейтаныс... Мұңайып үйге келді. Келді де:
– Папа, біз кейін тағы да жаңа пәтерге көшеміз бе? – деді.
– Иә, – деді папасы. – Кейін үш бөлмелі жаңа үйге көшеміз. Мұнда бірақ әлі екі-үш жыл тұрамыз.
Айнұр күрсінді.
– Қала қандай жаман... Әр жаңа үйге көшкен сайын қаншама ескі достарыңнан айрыласың. Сосын қайтадан жаңа достар іздеу керек...
– Не болды сонша?
– Мына ауладан ешкімді білмеймін. Бәрі бейтаныс. Ана ескі үйде тұра бергенімізде ғой, әлдеқашан асыр салып ойнап жүрер едім... Папа, өтінем, бұдан бұлай жаңа үйге көшпейікші...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇