Өлеңдер ✍️
Армандағы бір қазық
Ұрпақсыз өтсем өмірден,
Қызығы болмас жарықтың.
Мөлдіреп аққан су болсаң,
Жолыңда жатар арықпын.
Көрмегелі көп болды,
Өзіңді іздеп зарықтым.
Өзімді қайрап келемін,
Жұқарды тасы шарықтың.
Шырылдатып сәбиді
Келтірер жаннан тарықтым.
Ішінде бар ма мендік жан,
Мыңдаған мына халықтың.
Амалым аз, қайтейін,
Ойымның түбін сарықтым.
Жаралы жүрек зарымен,
Жаздым міне, тыңда жыр.
Жұдырықтай жүректе
Жұмыртқадай мұң жатыр.
Жара алмас уызын
Мен-мен деген мың батыр.
Менің жаным жабырқап,
Бұл өмірде сында тұр.
Шыдам шыңға шығарар,
Құз басында шын батыр.
Батырша бағып көрейін,
Қылышым әлі қында тұр.
Ей тағдыр, жауларымды жамыратпа,
Құлазытпа көңілімді, қаңыратпа.
Сұлу кіріп, сәбидің үні шықсын,
Шуақ шашшы мен жатқан шаңыраққа.
Үмітім нұр сәулеше үзілмейді,
Қарап қоям шуақ түсер саңылаққа.
Үміт отын күн тесіктен көріппін,
Өлеңімді өрнектетіп өріппін.
Тайгер
Вудстай армандағы нүктем бар,
Дәл түссе екен шаригіндей гольфтің.
Шаттансам, шабытым мен жаным кірер,
Болашақты ойлаған жан дәнін егер.
Әке болғым келеді, әке болғым,
Ботасына тәрбиелі тәлім берер.
Құстай қиял армандайды «сары ауызды»,
Қарлығаштай тұмсығымен дәнін берер.
От болып мен лапылдап жанайыншы,
Өмірдің бар сырына қанайыншы.
Несібемді адаспай табайыншы,
Бермегенді мен жұлып алайыншы.
Қиялға толы Шехризада түнін бер,
Адалдықтың пұлы емес, құнын бер.
Өз басынан ауысатын білімі,
Халық қамын қамтитұғын ұлын бер!
Жалғанды жаман шыным дер,
Шыңғырған шындық сүрінбер.
Жеті өлшеп, бір кестім,
Шамамды байқап біліңдер.
Тілін тасқа қайраған,
Саф алтындай жайнаған,
Жырға пісіп қайнаған,
Сөзімен асау байлаған,
Мұз тайғақта таймаған,
Аулақ жүрер айладан,
Тұяғым шықса сайраған,
Түнеріп тұрған төңірек
Көзімді тас қып байлаған.
Ұрпағым шықса ұран сап,
Жап-жарық болар айналам!
Құз басынан құлдилап кеп қанат қағам,
Тағдыр айқас жан-жағыма қаратпаған.
Өмір – майдан, мен жаяу жаралы әскер,
Жауға қарай жырыммен жарақтанам.
Қаным қазақ, жаным жылқы жаралғаннан,
Тұлпармын терім шықса тарақталам.
Қыздар да қояндарша қашқақ екен,
Қыранмын, көзім шалса балақ салам.
Алладан сұрарым бар ұрпақ деген
Анасының бетін бұрып қарат маған.
Зар мұңымды айта берсем таусылмас,
Тағдырменен арадағы дау тынбас.
Қиындығым ені шексіз қу дала,
Ақын ағам Зейнолламен ауқымдас.
О Жаратқан, құдыретің шексіз ғой,
Шаршағанда шаттандырар сауқыңды аш.
Шөлден шүмек шығаратын күшің бар,
Бұл ақынға сәби сыйлап мауқын бас!
Бала деген балапандай нәп-нәзік,
Күлімдесе қыржым жазар жап-жазық.
Бойымдағы бұтадан бүршік жарса,
Өтер едім армансыздан жыр жазып.
«Орнында бар оңалады» дейді жұрт,
Қақсам деймін көгеретін бір қазық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇