Мақал - мәтел: Азамат, жігіт, ер

Мақал - мәтел: Азамат, жігіт, ер


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Намаз оқып үйрену үлгісі (суреттерімен) Абу Ханифа мазхабы бойынша

Өзімде болмаса, ағайында болсын,
Ағайында болмаса, алғанымда болсын.

Қарына тартпағанның қары сынсын.

Алыста жүрсе кісінескен,
Жақында жүрсе тебіскен.

Жақынды жат етсең,
Жатқа күлкі боларсың.

Қарыстан сүйем жақын.

У ішсең - руыңмен.

Пышақ қанша өткір болса да,
Өз сабын жона алмайды.

Жаттан жеген майлы астан,
Жақынның жұдырығы артық.

Адасқан қаздай, руы аздай.

Жар басына үй тікпе,
Жар құласа үй кетер.
Ала болса ағайын,
Рулы елден күй кетер.

Ағайын ала болғанда,
Ауыздағы ас кетер.
Аңдыған дұшпан көбейіп,
Жау қолында бас кетер.

Асу-асу белдер бар,
Аса алмаса ат өлсін.
Ағайынмен тату бол,
Айыра алмай жат өлсін.

Ағайынға қадірім жоқ, бетімді көреді.
Әйеліме қадірім жоқ, етімді көреді.

Артқы айылдың батқанын,
Иесі емес, ат білер;
Ағайынның азғанын,
Жақыны емес, жат білер.

Арғымақты жамандап,
Кәне, тұлпар тапқаның?
Ағайынды жамандап,
Кәне, туған тапқаның?

Жарлы болар жігіт,
Байталын атқа сатады.
Жалғыз болар жігіт,
Ағайынын жатқа сатады.

Ат арқасына ер батса,
Аяңшыл келеді.
Ерге жаттың тізесі батса,
Ағайыншыл келеді.

Үш ағайынды жігіттің,
Отарында малы бар.
Екі ағайынды жігіттің
Қотанында талы бар.

Азамат жолы - ар жолы.

Азамат сыны - ерлік,
Ерлік сыны - елдік.

Азаматтың бір ажары - кеңдігі.

Жігіт жақсысын жолда таны.

Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар.
Олақ жігіт оңай істі жүк қылар.

Жауға аттанар жігіт шыбықты ат мінер.

Ерлік - елдің қасиеті,
Жүректілік - жігіттің қасиеті.

Қорғанды шаһар қаласын,
қазақ емес, сарт білер;
Тас айылдың батқанын
иесі емес, ат білер;
Ер жігіттің қадірін
жақыны емес, жат білер.

Сөздің көркі — мақал,
Ердің көркі - сақал.
Сақалы жоқ көселер - қасабалы тоқал.

Жігіт - жерінде, жекен - көлінде.

Бөрі алатын жігіт бөрігінен белгілі,
Жау алатын жігіт серігінен белгілі.

Жылуы болмаса, түбіт қасиетсіз,
Жігері болмаса, жігіт қасиетсіз.

Құнтсыз жігіт ат мінсе,
Көсеуменен сабалар.
Құнтты жігіт ат мінсе,
Ат аяғын тағалар.

Ақылды жігіт атқа да қонар,
таққа да қонар.

Әйелдің ақылы көркінде,
Еркектің көркі ақылында.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайды



00


Комментарии для сайта Cackle