Бейімбет Майлин (Шабуыл)

 Бейімбет Майлин (Шабуыл)

Мәмбет (тіресіп). Баспа құлағыңды! Қолыңмен істеткен жұмысыңды құлағыңмен есіткің келмей ме?.. Қазақтың қызы мен келіншегін зорлағанда ұялсаң қайда қалдың... мына Шоңмұрын екеуің...

Жақып. Шоңмұрын (бірден). Әкетіңдер, әкетіңдер тезірек! (Солдаттар жабылып әкетеді.)

Айбала. Не деген сұмдық, Жақа! Әлгіні істеулерің шын ба? Дым көргем жоқ деп момақансып келмеуші ме ең?

Жақып (қызараңдап). Бұл бір пәлеқор неме. Патша тұсында талай оқытушылықтан алынып, сотқа тартылатынын білмейтін бе едің?

Шоңмұрын. Ойбой, бұл нағыздың өзі ғой. Бұл штраф та тартқан, орнынан да алынған, жерде аударылған – соның бәрі өзінің қияңқылығынан...

Антонов. Осында жеткенше жағы дамыл көрген жоқ, көшедегі бүкіл адамдар жиналып, соңынан еріп... Бір-екі жерде «босат!» – деп айқай-шу болды... Жиылғандарға мылтық атып, әскерді сапқа зорға әкелдік... Өзін көп адам біледі екен...

Жақып (кейіп). М-м-м... Көшедегі жұртқа «митинг» жасатып әкелдім десейші.

Антонов. Жоқ, господин полковник! Тілін кеспесең; сөзін қоятын емес. Қамшыны жаңбырдай боратып келе жатқанымызда да тоқтамады.

Жақып. Соның атын баяндама дер болар. Керек болса – өзімізге қарсы үгіт, жұртты бізден бездіру, большевикке жинап беру болады...

Антонов. Олай емес, большевикті аямайтындығымызды жұртқа көрсету болады.

Жақып. Қаталасасың, көшедегі ақымақтық – жұртты бізден бездіру болады!

Антонов (ұшып тұра келіп). Одан да, қазаққа тиген қамшыға өзімнің арқам ауырады десейші.

Жақып (ұшып тұра келіп). Тарт тілінді! Орныңды біл! Маған олай деуге қайдан өрен жетті?

Антонов. Менің Колчак офицері екенім есіңізде болсын!

Жақып. Мен де Колчак офицерімін! Сен менің жәрдемшім екеніңді ұмытпа!

Антонов (үстем түрде). Сіз офицерсіз бе, жоқ па – өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз. Мен жәрдемші ғана емес, үкіметтің жіберген шын советнигі екенімді сіз де ұмытпаңыз..

.

Жақып. Бұл арада біз үкіметпіз! Үкіметті танитын адам бізге бағыну керек!

Антонов. Кісінің аузын бекер қышытасыз... Колчак ешкімге үкімет жасап берем деп борыштар болған емес. Колчак Ресейді бөлмей-жармай, қалпына түскен тұтас Ресей етпекші...

Жақып. Есінде болсын, офицер Антонов, біз ұлт автономиясын алатын Алашпыз! Колчакпен одақтассақ, өз ұранымызды құрмалдыққа, шалып одақтасқамыз жоқ, сол ұранымызды іске айналдырамыз деп одақтастық... Колчактың бізбен одақтасуын бізге автономия беруге ризашылығы деп бағалаймыз. Сондықтан, біз өз орнымызда үкіметпіз!..

Антонов. Қалпынан асыра ойлайды екенсіз. Әрбір еріккен елге автономия беретін болса, тұтасқан Ресей жасаймын деп әуреленбесе де болады ғой... (Теріс айналып.) Қайдағы үкімет? Бит үкіметі ме, ит үкіметі ме?..

Шоңмұрын (тұрып). Құрметті полковник-господин Жақып және құрметті ақсақалымыз Колчак отағасының, арнап жіберген құрметті офицері господин Антонов! Араларындағы кедір-бұдыр сөзді тастап, қазіргі уақытқа бәріміз бірдей жауапкер екенімізді ескеріп, іске кірісулеріңізді сұраймын! Бүйтіп керісе беретін болсақ...

Жақып (отырып). Мен керістен аулақпын,бірақ кісі үлкенге бағыну керектігін Антонов офицер үнемі ұмыта береді.

Антонов. Бағынудың да шегі бар. Орынсыз, әсіресе үкіметтің бағытына қайшы келіп қалғанда, менің де ескертуім керек... (Отырады.)

Шоңмұрын. Офицер Антонов! Полковниктің алдында ғапу өтінуіңізді сұрар едім. Сіз жас адамсыз. Дұрыс-қате деп тексерудің қажеті жоқ... Бізбен істескендігіңіз үшін, бас үкімет адмерал Колчак пен «Алаштың» бірлігін күшейту үшін мен сізден қатты өтінем!.. Өтінем, офицер Антонов!

Антонов. Жақсы... (Тұрып.) Господин полковник! Арамызда болған аз ғана көңілсіздікті ұмытайық. Қызғанда не демейді, беріңіз қолыңызды! (Қолын созады.)

Жақып. Мен ұмытып та болдым. (Қолын береді. Телефон шылдырлайды. Жақып тыңдап.) Ия... Телқозымысың? Ал... ал... Мәмбеттің жолдастары? Бесеу деймісің?.. Әкелме, түрменің жолын таба алмай тұрмысың? Ә?.. Кімдер дейсің? Неге үймелетесің, тарат, тез! Ат мылтықты!.. Ә?.. Қатын-бала болса ше! Әй, былжырама, бұйрықты мүлтіксіз орында, білдің бе!.. (Телефонды қойып, кейіп.) Оңбаған ит!..

Шоңмұрын. Телқозыма?

Жақып. «Есенгелді мен Мәмбетті шығарып бер деп орыс-қазағы жиналып жатыр, қайтем?» – дейді...

Антонов. Мұндай ақымақ, бос кісіні көргем жоқ, өзім барайын... (Шығады.)

Шоңмұрын.Телқозының бостығынан өлдік-ау, әйтеуір!..

Айбала. Қатын-балаға шейін жиналды дей ме? Өлермендерін қарашы!

Жақып. Осындай, пышағың түлкі алып тұрғанда адам деген желігіп кетер болар еді, біздің Телқозы былжырай түседі...

Қартай мен Әбіш асығыс кіреді.

Әбіш. Қостанайдан шыққан Таран отряды жақындап қалды. Бүгін кешке қалаға кіреді.

Жақып (шошынып). Қалай кіреді?

Әбіш. Соғыссаң соғысып кіреді; қашсаң қуып кіреді. Жүз елу әскері бар. Бес қару түгел... Біздің түріміз мынау: әскеріміздің жартысы мас, жартысы ел тонауға шығып кеткен. Олардың басын қосқанша Таран әскері қаланы алып та болады... Қызылдар біз секілді емес, тастай тәртіпті.

Жақып (сасып). Енді қайттік? Сергеев қайда?

Қартай. Меніңше, бір-ақ жол бар.

Жақып. Айтшы, айтшы!

Қартай. Есенгелдінің жолы...

Шоңмұрын. Есенгелді құсап үйде отырып атысамыз ба?

Жақып. Түсіндім: Есенгелді сияқтандырып алдап түсіру – солай ғой, Қартай?

Қартай. Дәл өзі!

Әбіш.

Шоңмұрын (жымыңдап). Дұрыс, дұрыс... Бірақ кім орындайды?

Жақып. Қартай мен Әбіш орындайды. Большевикше киініп, қызыл жалауды қолына алса болғаны... Қартай-ау, сенің большевик деген қағазың да бар шығар?

Қартай (күлімдеп). Большевик, сәбден қағаздары менен табылып бағар ғой.

Жақып. Қартай! Есенгелдіні ұстап берген айлаң айрықша бағалауды керек қылады. Ол үшін бүкіл қазақ елі атынан алғыс айтамын!.. Ал Таран әскерін солай қолға түсірсең...

Шоңмұрын. Менімше, бір-екі орысты да большевик қылып қосу керек. Күлән да барсын деймін, әйел көрсе, кеңес үкіметін орнатып қойғандай қуанатын большевиктердің әдеті...

Қартай (оның сөзін бөліп). Қане, тездету керек. Мен әзірленуге кеттім...

Қартай, Әбіш шығады. Теңселіп Антонов кіреді.

Антонов (мас). Господин полковник... Господин полковник... Орындалды... Жым-жырт... Халықтарды... Тойған мысықтай бүрісіп жатыр бәрі... Жиырма сүмбіден бергізіп ем, тырнақ алды бәрі... Қа-қа-қа...

Жақып. Оны қоя тұр, офицер Антонов, Таран әскері келе жатыр, ерлігің болса енді көрсет (бәсең дауыспен) сандалмай.

Антонов. Таран келеді?.. Өлтірем мен оны... Өлтірем... (Қылжаңдап барып диванға құлайды. Жатыр.) Өлтірем мен большевики! Өлтірем... (Қартай кіреді.)

Қартай. Әзірміз.

Жақып. Тез жөнеліңдер. Әскер әзір тұрады. Тура осында әкеп кіргіз. Өзгесіне уайым жеме.

Қартай. Әйтеуір, әзір тұрыңыз. Біз өлімнің өзіне барамыз. Қаладағы жұмысымызды естісе, онда біздің біткеніміз... Қоштасқанымыз осы болсын! (Қартай тез шығады.)

Айбала. Жасаған-ай, сәтін бергей де! Бүгін ғана теріміз кеңігендей болып отырғанда..

Шоңмұрын. Мынаған айтпасақ болмас... (Антоновтың жанына келіп.) Господин Антонов! Біз тағы бір қақпан құруға кірістік...

Антонов. Кет, пожалуйста. Каждый шиповкаңмен келіп...

Жақып. Тиме оған, ұйықтасын. Қысылғанда көмегі тиеді деген адамымыз ғой. (Көзінің қиығымен Айбалаға қарайды. Ол шығады, Жақып дауыстап.) Есікте кім бар? Мұнда кел! (Кенжеғара кіреді.)

Кенжеғара. Мен бір хабар есіттім, рас па?

Жақып.Тағы бір жұмысқа кірістік. Сендермен ақылдасуға асығыс болды. Болышевикше киіндіріп он шақты адам жібердік қарсы алуға, бұл тұзаққа іліксе, іс оңға айналды. Әйтпесе, білмеймін... Әскердің көбі мас, тәртіпсіз... (Антоновты көрсетіп.) Бастық дегеніміздің қылжиып жатқаны анау...

Кенжеғара. Мұның да бір тапқан жұмыс екен. Сәтін сұра. Әскерді тас-түйін иіру керек. (Антоновқа.) Мына шіркінді жауапқа тарту керек қой, шалжандатпай. (Телқозымен Төреғазы кіреді.)

Жақып (қызып). Кенжеғара, Телқозы, Төреғазы! Үшеуіңе өте жауапты жұмыс тапсырылады.
Беттер:
1 2 3 4 5 6


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!