Бейімбет Майлин (Шабуыл)

 Бейімбет Майлин (Шабуыл)

Айбала. Есенгелді мен Таранды оңай-ақ қолға түсіріп алып едіңдер, содан кейін қақпан шабуды қойып алды ғой... Мен әйелмін ғой, сондықтан шығар деймін, құдайдың құдіреті, соларды алдап түсіргендерің жақсы игі ме деймін де жүрем.., Тек әйелдігіме көрінсін-ау... Әйтседе...

Жақып. Е, одан соң да бірталай өзгеріс жасадық қой. Өмірбек бізге қосылды. Бірталай күш әкелді... Екі жұма болды, орнығып алғандай да болдық... Ел де үйренісіп келеді. Кәдімгідей арыздарын әкеліп, шуылдап жүрген жоқ па?..

Кенжеғара. Әй, білмеймін... Ел үйреністі дегеніңе мен өзім көп сенім артпаймын. Шабуылдағанда әлгі аз ғана бай мен ақсақалдарың болмаса, өзге қалың бұқара бізге ел болатын түрі байқалмайды. Қайсысымен сөйлессең де, бір ұртында майы, бір ұртында қаны... Ал енді крестьяндарың бізге «киргизский орда» деп қарайтын көрінеді. Осы бір «Алашорда» дегеннің ордасына, бұрынғы «киргиз» дейтіндерін жалғап алыпты да, қай жерге құлағың салсаң, «киргизский орда» деп тұрғанын есітесің. Кісіге найзадай қадалып тұрады...

Шоңмұрын. Крестьянға не істей аласың? Бұлар бір дүрліксе, үріккен қойдай дүрлігеді. Олардың арасында істеп жатқан ісіміз де жоқ. Қазағың түгел бізге қарап болған күнде де, қалың мұжық бізді көріп әкете ме деп қорқам... Осыларыңның екі сөзінің бірі «большевикпіз» дейді екен...

Жақып. Мұжығыңды былай қоя тұршы... Оған үкімет құрып берейін деп тұрған кім бар?.. Қазақты айт!

Шоңмұрын. Мұжықты қоя алмайтын көрінеміз... Есенгелді, Тарандарды атуға бұйырып едік, маңайдағы қалалардың жарлы-жақпайлары қаптап келіп, ереуіл шығара жаздады ғой.

Атамыз деген сөз болған жоқ, кейін қараймыз, –деп әрең құтылғамыз жоқ па?..

Айбала. Ойбой, мұжық дегенің барып тұрған пәле!.. «Киргизский орданың» қатындары деп тіпті көшеге жүргізбейді. Бірдеме дейін десең, өршеленіп кетеді. Қызылдар келе қалса, мұжықтың бірі қалмастан еріп кетеді...

Жақып. Ия, ия... Сендердікі дұрыс екен. Бұл мұжық көтерілсе, араның ұясындай шулайды... Соғыста бұлардың біреуі қазақтың оныңа тұрады...

Кенжеғара. Оның үстіне сыртқы соғыс тоқталғалы қайтып жатқан солдаттың бәрі қызылдар жағында... Солардың үгіті крестьянды бізге удай қарсы қылып қойып отыр... Большевик отрядтарының кебі солар...

Жақып. Әйтеуір, халымыз қалт-құлт етіп, құлдырап барады. Әскеріміз күнде қашып жатыр. Қолдағы әскер жидіп, шіріп барады. Білмеймін...

Өмірбек. Қолдағы әскерің мықты ауру көрінеді. Бізбен келгендерді араларына кіргізбей, әлі мүйіздеп жүр ғой: «аяғынан келген, сендерді кім шақырды, нан өзімізге де жетпей жатыр!..» – деп, кез келген жерде көзге шұқитын көрінеді... Содан шығар деймін, бізбен келгендердің көбі қайта қызылдарға қашып кетіп отыр...

Жақып. Қайта қашып кетіп отыр?

Өмірбек. Ия, қайта қашып кетті... Бізден бөлінгенде Баян мен Соколов жиырма шақты-ақ адаммен кетіп еді, қазір екеуі екі отряд жасап алыпты.

Телқозы. Отряд болғанда қандай! Қарабұтақта кездескенімізде дал далымызды шығарды той... Көзге іліккен жерден шабуыл жасады. Баянның отряды бізден екі есе аз еді, сонда да шыдатпады ғой. Олар нығайып алған. Қауіптің өзі торлап...

Жақып. Жеңілгендеріңді көтеріп айтпай, жеңгендеріңді айтатын да күн болар ма екен!.. Ұят та жоқ, ар да жоқ... «Дал далымызды шығарды!»–деуін қарасайшы! Сендер немене, қоймысыңдар, қоянбысыңдар?..

Кенжеғара. Әңгіме бұларда ғана емес, бәрімізде. Біздің артымызда ел жоқ, екендігі енді-енді айқындалып келеді... Қазақ деп жүргеніміз бір уыс байлар екен. Қалың бұқара бізден қашып, жуымай отыр... Ә, олар ереді, еріп жүр дейтінбіз... Ерте алмадық... Біз құсап Колчак, Дутовтар да қалың мұжықты бездіріп алды. Қатты бір соққы көрсек болғаны, бір күшті әскердің қолтығына кірмесек, бас паналайтын да жер қалмайды... Қолындағысынан айырылса, Колчак-Дутовтар да көшкен елдің жұртын да қалады...

Шоңмұрын.Ал енді большевиктер олай емес: жұмыскері; кедейі, орташасы бар жерге ұшыраса болғаны – отряд құралып сала береді, ат та табады, ас та табады... Қалың бұқара соларға ауып болды. Бұл толқынды тоқтату өте қиын... (Есіктегі солдат кіреді.)

Солдат. Мына бір телеграмды әкеп кетті. (Жақыпқа береді де шығады.)

Жақып (оқып). «Қарасай қаласынан қашып шығуға тура келді. Артымызда Баян. Алдымызда Андреев. Жау күшті, жәрдем беріңдер. Әскердің жартысы оларға қашып кетті... Мусин.» (Телеграмды лақтырып жіберіп.) Жасаған-ау, не болдық? Жеңілдік, қаштық деген хабар қашан тоқталады? Кімнің ғана қолынан келеді мұны тоқтату?!.

Шоңмұрын. Колчактан күш сұрау керек... Қостанайдағы әскерін бізге жіберсін. Орынбор жаққа Дутовие болсын. Әйтпесе, Орынбор мен Түркістан арасы бір қосылып алса, қызылдар бет қаратпайды.

Жақып. Жаза қойшы, құрғырды!.. Одан да не шығар дейсің?.. (Шоңмұрын жазуға отырады.)

Өмірбек. Баян мен Соколов отрядынан осынша шабылып отырмыз, егер Андреевтің өзімен ұшырасып қалсақ, не боламыз?.. Қобызовтар бір ақырып қалса-ақ, торпақтай томыраңдап, алдына түсе жөнелеміз бе? Сендердің арқа сүйер, мықты белдерің қайда осы?..

Жақып. Қайда болсын, осы отырған өзіміз... Іс бітіріп, мал тауып жатқан анау ақсақал-билерің... Атқа жаңа мінген баладай қомпаң-қомпаң етіп отырған анау Калшақ... Міне, арқамыз да, белімізде, жұлын-жотамыз да осылар емес пе?..

Шоңмұрын (жазғанын оқып). Телеграм былай болып шықты:

«Қазақтың құрметті ақсақалы, Сібірдің дара билеушісі, бәріміздің арқамыздағы панамыз, маңдайдағы саямыз, адмерал Колчак!.. Айбынды «Алашорданың» мұндағы бөлімінің халы ауырлай бастады, әскеріміз азайды әрі қашып жатыр... Егер бізді күшейтпесеңіз, Орынбор мен Түркістан арасы айқасып алады. Одан кейін большевиктер бет қаратпайды. Құрылмаған біздің «Алашордамыз» түгіл, сіздің мықты үкіметіңіз де шайқалуы мүмкін. (Әдейі жазып отырмын «мықты үкіметіңіз» деп.) Сондықтан, тезінен Костанайдағы Могилев полкын бізге жәрдемге жіберіңіз. Жәрдеміңізге сеніп – Күншығыс Алашордасынан:

Жақып, Шоңмұрын, Кенжеғара».

Кенжеғара. Әлгі офицер Антоновтың қолын неге қоймадың?

Шоңмұрын. Оны кім біледі, қол қоя ма, жоқ па? Өзі үш күннен бері мас, басын бір көтерген жоқ. (Антонов кіреді.)

Антонов. Кім мас?.. Шоңмұрын, сен трибунал болмақ түгіл, құдай болсаң да, адмирал Колчактың офицерін мас деп сөгуге өрең жетпейді!.. Білдің бе? Көзіңді ашып қара, жағынды сындырып жіберермін!..

Жақып. Сабыр ет, Антонов офицер! Мас деп сені айтқан жоқ, солдаттарды айтып отыр еді. Біз бір телеграмма берейік деп едік, қол қоясыз ба? (Телеграмманы береді.)

Шоңмұрын. Офицер Антонов, сіздің мінезіңіз өзіңізге лайық емес! Мен крестьян емеспін ғой...

Антонов (оған қарамастан, телеграмманы оқып тұрып). Мені айтпаған болсаң, кешірдім... Сенде...

Шоңмұрын (Кенжеғараға). Міне, иттің баласы!

Антонов (телеграмманы Жақып қалақтырып). Қол да қоймаймын, ештеңе істемеймін де... Бүгін Омбыға жүрем. Маған отпуска бересің. Телеграммаларыңды өздерің бере бер. Мен өзім барып адмиралға хал-жайды ауызба-ауыз айтам. Жердің бетін жауып кететін көп әскер әкелем, ризасыңдар ма? Мен бұлай сандалып жүре алмаймын... Сендер...

Айбала. Неге асықтыңыз, офицер Антонов?.. Әлде бір...

Жақып. Ризамыз... Барсын... Барсын...

Отырғандар. Жарайды, барсын... Бірақ тез жәрдем әкел!..

Антонов. Мен енді амандасуға ғана келем...

(Кетерде Айбалаға қарайды, Айбала да артынан шығады.)

Кенжеғара. Кетсінші осы иттің өзі... Жазатайым қашуға тура келсе, мұнымен жүріп елге сыя алмайсың... Барсын!..
Беттер:
1 2 3 4 5 6


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі