Ғабиден Қожахмет | Шығарма жұмысы

  Ғабиден Қожахмет | Шығарма жұмысы

Сол күні абитуриенттердің жазған шығарма жұмысының қорытындысы өте кеш шыққан еді. Бұрын бұлай болмаған. Бұл кезде қас қарайып та кеткен болатын. Ал іштен әлі хабар жоқ. Оқу орнының ауласы қарақұрым адамға толы. Бұлар - шығарма жұмысының қорытындысын күтіп тұрған абитуриенттер мен солардың ата-аналары немесе жақындары. Сол көпшіліктің арасында бұл да өзінің жазған шығарма жұмысының қорытындысын күтіп отырды.

Ілгеріректе тіл-әдебиеттің мұғалімдігіне түсу үшін, абитуриенттерден шығарма жұмысын алатын. Өзі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шығарма жұмысын жазғанды қалап тұрушы еді. Одан кейінгі бір ұнамды тапсырмасы - қазақ тілі сабағында сөйлем құрау тапсырмасы болатын. Ұстаз бұл тапсырманы үйге де береді немесе сыныптағы сабақ үстінде отырып та сөйлем құратады. Одан кейін тағы да бір тапсырма болды. Ол қазақ тілі сабағының үстінде мазмұндама жазу жұмысы еді. Бұл - шығарма жұмысына қарағанда орындалуы аса қиын емес көрінетін тапсырма. Өйткені мұнда ұстаз әлгінде ғана дайын мәтінді оқып берген. Енді осы мәтіннің желісінен шықпай отырып мазмұндап беру ғана қалған еді. Ал шығарма жұмысы бұған қарағанда күрделірек әрі онда еркіндік бар. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең, әңгіме немесе мақала жазу сияқты жұмыстармен айналысқан емес. Ал шәкірттік күндеріндегі жоғарыдағы тапсырмалар есінде сақталып қалған.

Бұл тіл-әдебиет мұғалімдігіне алғаш тапсырғанда мектеп қабырғасынан енді ғана келген еді. Сондықтан шығарма жұмысын бірден-ақ бағдарламалық тақырыпқа жазды. Ғабит Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" романы. Осындағы Қайрош бейнесін ашуы керек еді. Ал екінші рет тапсырғанда бұл мектептің бағдарламасынан алыстай бастаған. Сондықтан бағдарламалық тақырыпты таңдамады. Еркін тақырыпқа тоқталды. "Комсомолдар - жас қайраты елімнің". Бұл өзінің таңдап алған осы тақырыбын ашып шығуы керек болатын. Екеуінде да жазбаша емтиханнан өткенімен, ауызшаға келгенде дайындығы жетпей сүрінген еді.

Енді үшінші мәрте тапсырып отыр. Бұл жолы да өзіне еркін тақырыпты таңдап алды. Арал өңірінің экологиялық жағдайы, Арал қасіреті, Арал тағдыры. Тақырыптың негізгі мазмұны осы еді. Ойланып, шығарма жұмысына Ана бейнесін алды. Арал қасіреті жөнінде өзінің ұлына Ана баяндап беретін еді. Енді осы жұмысының қорытындысын күтіп отыр.

Бір кезде ауладағы көпшілікті шығарма жұмысының қорытындысы шықты деген дауыс елең еткізді.

Шығарма сынағынан бұл жолы да өткен екен. Емтихан қағазын ашып қарағанда комиссия өзінің жұмысын "жақсы" деп бағалағанын көрді. Осыған қуанып қалды. Өйткені комиссия өзінің жұмысын орташа деп бағаласа да, бұл соған қанағат еткелі тұр еді. Кейін ойлап қараса, бағаның бір саты да болса жоғары қойылуы бұған конкурста басымдық береді екен. Бұл, әйтеуір, емтиханнан өтсем болды депті. Ал сол жылы бұл мамандыққа конкурс өте қатты болған еді.

Бұдан соң екінші емтиханына кірді. Комиссия құрамында үш адам отыр еді. Ортада әйел адам, оның оң жағында бойжеткен жас қыз, ал сол жағында ақ көйлек киген ер адам отырған. Бұл осы үш адамды да содан кейін қайтып кездестірген емес.

Билетіне жауап бергелі келе жатқанда, ер адам түрегеліп сыртқа шығып кетті. Ол қайта кіргенде, бұл жауабын аяқтап болған еді. Бұдан емтиханды комиссияның қалған екі мүшесі қабылдады.

Билетте Спандияр Көбеевтің "Қалың мал" романы болғаны есінде. Себебі емтихан қабылдап отырған әйел осы романға көбірек тоқталды. Соңында абитуриенттің өзі осы роман жөнінде не ойлайды, соны білгісі келді.

Осы кезде емтихан комиссиясының мүшесі болып отырған қыз: "Апай, емтихан қағазын толтыра берейін бе?" - деді. Әйел күлді: "Ау, тұра тұрсаңшы, жауабын аяқтап болсын да".

Араларындағы осы бір тіл қатысуларынан мына екі комиссия мүшесінің өзін емтиханнан өткізгелі жатқанын білді. Осыған дейін екі мәрте ала алмаған емтиханынан өткелі жатыр еді. Осы кезде сырттан ер адам кірді. Әйел ер адамға: "Мына баланы емтиханнан өткізгелі жатырмыз", - деді. "Өздерің біліңдер, - деді ер адам. - Мен бұл баланың жауабын тыңдауға қатысқан жоқпын". Емтихан қағазы толтырылып, қолына берілді. Осымен мамандығына сай емтихандары аяқталған болатын. Үшінші емтиханы да бар еді, бірақ одан баға қойылмайтын. Себебі ол мамандыққа байланысты емтихан емес. Тек өтті немесе өткен жоқ деп белгіленетін.

Дәрісханадан шыға бере емтихан қағазындағы екінші "төрттігін" көрді. Енді мұны осы екі "төрттік" бағасы тіл-әдебиет мұғалімдігіне түсіргелі тұр еді.

Оқып жүргенінде мектеп бітіру емтиханында қандай шығарма жұмысын жазған едім, соны қайтадан оқып көрер ме еді деген ой келетін. Бірақ мұның мүмкін емес екенін де біледі. Әйтсе де соның бір күні мүмкіндігі келгені. Оқуын бітіріп, мектепке жұмысқа келгенінде, өзіне сабақ берген әдебиет пәнінің мұғалімі зейнет демалысына шықты да, бұған әдебиет кабинеті мен сол кабинеттің ішіндегі сейфтің кілтін ұстатты. Жұмысы осы сейфтің ішінен табылды. Енді өзінің мектеп бітіру емтиханындағы шығарма жұмысын оқып отырды. "Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл жырлары". Мектеп бітіру емтиханын осы тақырыпқа жазған екен.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?