1 Желтоқсан - Тұңғыш президент күні (Елбасы мен Астана)

 1 Желтоқсан - Тұңғыш президент күні (Елбасы мен Астана)

Жер бетіндегі барлық адамның туған жеріне деген ыстық ықыласы мен сезімдерін жинаса ғой... Мүмкін ол шалқар мұхиттай болар ма еді, мүмкін ол асқақ Алатаудай болар ма еді?!
Иә, әр адамға сүйікті Отанынан, туған елінен қымбат ешнәрсе жоқ. Мен де Қазақстанымды адал, сәби бала жүрегіммен мақтан етемін. «Қазақстан» деген кезде менің ойыма бірден небір тарих сынынан өткен, батыл да батыр, ержүрек, қандай қиындыққа болса да шыдап, төзе білетін рухы берік Қазақ халқы елестейді. Ғасырлар бойы батыр бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған кең жері – менің мақтанышым. Қазақстан жері ұлан байтақ: ол Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейінгі аралықты алып жатыр. Оңтүстігіміз бен шығысымыз биік тау сілемдерімен көмкерілсе, орталық бөлігіміз кең жазираға ұласады. Ал батысымыз Каспий теңізіне барып тірелсе, солтүстігіміз Сібірмен шектесіп жатыр. Менің Қазақстаным жер көлемі жағынан Франциядан 5 есе, Жапониядан 17 есе, Италиядан 9 есе, Англияның жер көлемінен 12 есе артық. Бұл - әр Қазақ баласы үшін үлкен мақтаныш, баға жетпес байлық. Осындай жер байлығы бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа сақталып, оңайлықпен келмегені аян. Ғасырлар бойы жаумен жұлқыласып, басқыншыға бас имей, езілсе де еңсесі түспей, қиналса да қажыры қайтпай, жер байлығын қорғап қалған батыр бабаларымыздың ерлік істері көкейімізде сайрап жатыр. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Әйтеке би, қаз дауысты Қазыбек, Төле би үш жүздің басын қосқан Абылай, Райымбек батыр. Айта берсек толып жатқан ұлы да ұмытылмас есімдер тізбектеледі.
1991 жылы еліміз тұңғыш рет егемендік алды, тұңғыш президентін сайлады. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген үлкен жетістіктеріміз ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ел рәміздерінің қабылданып, өз валютамыздың айналысқа енуі. Егеменді елімізді күллі дүние танып үлгірді. Мен осының бәрін бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың ерен ерлігінің және елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің жемісі деп білемін. Қазақстанның Президенттігіне сайланғаннан кейін Елбасы 1992 жылы Ақмолаға келіпті. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып өзенге қарапты. Елбасына қашанда қаланың ортасынан ағып жататын өзен ұнайды екен. өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзеннің жағасына салынған. Санкт-Петербор –Невада, Мәскеу - өзі аттас өзенде, Париж –Сенада, Лондон - Телезада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан.
1997 жылы 10-желтоқсаннан бастап Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы жарлыққа Қазақстан Республикасының президенті қол қойды. Сонымен Есіл өзені бойынан жобасы Елбасы сызып берген қала бой көтерді. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретінде ресми тұсау кесері 1998 жылы 10 - маусымда өткізілді. Ақмола Астана болып дәйекті түрде өзгертіліп, Тәуелсіз ел егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды.
Елорда болып жарияланған жылдан бастап Астана қаласының сәулеті мен дәулеті артқаны сондай, бұл қаланы теңдесі жоқ сұлулық қаласы деп атасақ та болады. Еліміздің елордасы –Астананың тарихи тамыры тереңде. Сарыарқа қазақтары. Есіл өзенінің, қазіргі Астана қаласы орналасқан, көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін тайыздау тұсын ежелден Қараөткел деп атаған. Ал, Ақмола атауы ХІІІ-ХІV ғасырда осы өңірде тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған. Астананың әсем ғимараттары ерекше сәулетімен еріксіз назар аударады.
Мұражайлар, мұхит арал, ескерткіштер, саябақтарды сөзбен айтып жеткізе алмайсың Астана қаласының ажарын ашып, көз тартар ең бір көркем ғимарат «Астана–Бәйтерек» деп аталады. Оның ең басындағы алтын түстес жұмыр шар сәулесін шашып, жарқыраған күнге ұқсайды. Осындай ерекше сұлулығы мен мәні бар Бәйтерек-Астананың рәмізі, бақыт пен құттың белгісіне айналды. Күн сайын өсіп келе жатқан Астананың сұлулығына, тіпті шетелдік қонақтар қайран қалды.
Москва-Кремлімен, Вашингтон-Ақ үйімен, Санкт-Петербуг-Эрмитажымен, Париж эфелева мұнарасымен әйгілі болса, соның ішінде Астана – «Бәйтерегімен» әлемге әйгілі. Тоғыз жолдың торабында, республика территориясының төрінен, жүрегінен орын тепкен Елордамыз Астана, ертегідегідей ғажайып қаладай жыл, ай сайын емес, күн, сағат санап қарқындап, өсіп, өркендеп келеді. Еліміздің азаматтары үшін, әсіресе жастар мен балалар үшін «Астананы бір барып көрсем» – деген аңсарлы Арман қалаға айналды. «Астана-Бәйтерек» монументінің жалпы биіктігі – 97 метр. «Бәйтерек» сөзінің мағынасы энциклопедия қарасаңыз – жас, мықты, өсіп келе жатқан ағаш деген ұғымға саяды. Сондықтан дәл осы ескерткіш әлемдік қауымдастықтағы жаңа Астананың рәмізі болып табылады. Астана – білім ордасы. Еліміздің бас қаласы мектептерінде ұстаздық ететін мұғалімдер қамқорлыққа бөленген. Астана әкімінің тағайындауымен «Үздік кәсіптік мектеп», «Үздік мұғалім» және сол сияқты білім саласына арналған бірнеше гранты бар. Астана- болашағы жарқын қала. Онда алдағы күндерде неше алуан сәулет ескерткіштері мен таңғажайып алып кешендер бой көтерері анық. Осындай сұлу да сәулетті Елордамыз – Қазақ елінің мақтанышы болып табылады. Қалай десек те, атақты ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай «Батырлар сайран салған Сарыарқаға» астананы көшіру көп қазақтың жүрегіне жылы тиді. Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, бүгінгі бақытты өмірге жеткен туған халқымыздың қуанышында шек жоқ. Астана – Еуразия құрлығының кіндігінде, Сарырақаның солтүстігінде орналасқан, Еуропа мен Азияны көне заманнан бері жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолының бойындағы, көлік жолдары Қытай мен Ресейді, Батыс Еуропа мен Таяу шығысты байланыстырып жатқан Қазақстандықтардың мақтанышына айналған, Қазақстан Республикасының ел ордасы.
Сырт көз – сыншы. Астанасына қарап елін тану, еліне баға беру – әлемнің қашаннан қалыптасқан салты. Алыс –жақыннан келген қонақтардың сүйсінбейтіні кемде кем. Елбасы «Еуразия жүрегінде» кітабының қорытындысында өркен жайып, кемеліне келетін Астананың ертеңгі күні туралы әдемі арманын баяндайды. Сол арқылы Астананың ертеңіне, Қазақстанның ертеңіне бәрімізді ұйытады. Мен Қазақ елінің жаңа дәуір ұсынар міндеттер мен талаптарды абыроймен игеретініне әр кез сеніммен қараймын. Астананың бүгінгі таңда ел сенімін бекітер осындай қуат көзіне айналып отырғанына қуанамын. Сенім – қанат бітірер қуатты күш. Астанасы айбынды да, айдынды елдің болашағы да асқақ болуға тиіс. Астана – елдің ертеңі.
Мемлекетіміздің келешегі жас ұрпақтың біліміне байланысты. Елбасымыздың «Қазақстан-2030» Жолдауындағы мектептерді компьютерлендіру, балалардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету шаралары жақсы жалғасын табуда. Елімізде көптеген лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер ашылуда. Дарынды жастарға да, ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан әлемнің көптеген дамыған елдер мен дипломатиялық қарым-қатынаста еліміздің экономикасының дамып, жағдайымыздың жақсаруына Елбасымыздың еңбегі ұшан теңіз. Ауыл мектептері түгелдей компьютерленіп, ауыл мәдениеті көтеріліп жедел қарқынмен өркендеуде. Бүгінгі таңда біздің алға қойған мақсатымыз дамыған, өркениетті елу елдіңқатарына қосылу. Бұл мақсаттың орындалуына да шек келтірмейміз. Дүниежүзін дүр сілкіндірген сұрапыл соғыстың аяқталғанына да 65 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысына қатысқан әскерлер мен қырылған адамдар жөнінен тарихта мұндай соғыс болған емес. Фашистік Германиямен 1418 күн мен түнге созылған шайқастарда Кеңес Одағы жеңіске жетті. Жеңісті жақындатуға сол шақта Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан да елеулі үлес қосты. Ұлы Отан соғысында жиырма жеті миллион адам құрбан болса, Қазақстан да төрт жүз мыңға жуық ұл-қыздарынан айырылды. Бүгінгі бейбіт күндеріміз аталарымыз бен ағаларымыздың сондағы төгілген қаны мен терінің өтеуі. Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов т.б. жүздеген батырларымызды біз мәңгі мақтан етеміз.
Отан үшін қан төккен бабаларымыз ешқашан ұмытылмайды. Біз де, жастар Отанымызды сүйеміз. Бабалар ерлігін жалғастырушылармыз. Қазақстанымызға ешқашан қауіп бұлты төнбесін. Жеңістің 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен ардагер аталарымыз бен аналарымызға ерекше құрмет көрсетілуде. Олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына, зейнетақыларын өсіру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулықтарын түзетуге қамқорлық көрсету шаралары жүргізілуде. Бұл – Елбасшысының тарихқа, халыққа, болашақ ұрпаққа көрсеткен қамқорлығы деп ұғамын. Біз туған жерге туымызды тіккен елміз! Біз – бақытты елміз! Ал, біз сол бақытты елдің мұңсыз да қамсыз ұрпақтарымыз. Батырларымыздың ерлігіне бас иіп, тарихқа тағзым ету, сөйтіп, ертеңгі болашақ үшін үздік оқу, еңбекте алда болу, ұлы Абай атамыздың тілімен айтқандай «Дүниеге бір кірпіш болып қалану» біздің ең бір абыройлы міндетіміз деп түсінемін.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!