Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал. 7-сабақ.


Шоқан Уәлиханов

Ыстықкөл күнделігі

(шығармадан үзінді)

 Шөп сонша қалың, тіпті, аттың аяғы шалынады. Тау етегінде сарыағаш, долана, итмұрын бұталары бар, бірақ көп емес, тек шырша ғана тұтасып өскен. Жоғарыға өрлеген сайын өсімдіктер сирей бастайды, тек аршагүл ғана бөктерді жауып, қарға дейін көтеріліп, солтүстік баурайды тұтас алып жатыр. Ұшар шыңда қар жатыр, ал қардан енді аршылған жерлерде жапырақ бүр жара бастаған. Солтүстік баурайда жуа, бәйшешек, бақбақ тәрізді өсімдіктер бар. Әлі бусанбай, атты адамды көтеретін қатып жатқан қармен тауға көтерілгенде, ауа райы кәдімгідей салқын болды, жел ызғыта соғып тұр, мен еріксіз тонымды киіп алдым. Жоғарыдан Ыстықкөл келбеті ашылды. Қызғылт күмістей жарқырап жатқан көл аспанмен таулы шыңдардың алыс бедерімен түстесіп тұр. Күн шұғыласы алқапқа бұлттардың дөңгелек көлеңкесін түсіруде. Біз шыңда тұрдық, ауа температурасы шамамен 6-7 градус қана болды.

 Біздің алдымызда жауған қардың кесірінен жол жабылып қалыпты, сондықтан біз тәуекел етіп, таудың тік беткейімен жүрдік. Жер тайғақ, аттарымыз сырғанақтап, тұяқтарымен тас ұшырды. Тастар төмен жықпылдардан өте домалап, көзге көрінбей кетті. Казактар жаяу жүруге тиіс болды, ал қазақтар ат үстінде міз бақпастан, үзеңгісін тебініп қойып, ыңылдап келеді.

 Аттар бірнеше рет сырғанақтап, құлады... Міне, міне құлады, домалады деген сәттер көп болды, бірақ Алланың көмегімен құламай, ары қарай сапар шектік. Бір жарым сағат бойы біз осылай қырқамен жүріп, аяғында бұрынғы жолға түсіп, төмендей бастадық. Төмен түсу көтерілгеннен гөрі әлдеқайда тік әрі қолайсыз болды. Егер біз жоғары көтерілгенде жер батпақ болмағанда, арбаның өзін жоғарыға сүйреп шығуға болар еді. Солтүстік баурайда қалың қар жатты, бірақ, бұған қарамай, мұндағы өсімдіктер оңтүстікке қарағанда биік. Сатының бүкіл бойына жол төмен құлдилайды. Саты сол жақтан қосылатын ағыспен бірігіп, суы молайып, тар арнамен жылдам ағады. Шыршалы орман басталып, өсімдіктер түрленіп, қалыңдай бастады. Жалғызаяқ сүрлеуге айналған жол ғана барған сайын жүруге қолайсыз болды. Кейбір тұстарда иір бұдыр тау қыспағы өзенді тарылтқаны соншалық – біз сумен жүріп, тіземізден су кешуге мәжбүр болдық. Жол бойында құлаған ағаштар көлденеңінен жатты, біз олардың астынан аттың жалына жабысып әзер өттік. Ары қарай сүрлеу жоғары көтерілді. Төменде 30 сажындай жерде Саты толқынданып жатты, жоғарыда кей жерлері шыршаға бөленген гранитті жалаңаш құздар тұрды. Айта кетерлігі, Алатаудың негізгі жынысы гранит: қызыл гранит, сұр және ақ. Саты ағысымен жүргенде солтүстік баурайында порфир мен аспеткезді еседі. Біз ең қиын сүрлеуге жақындадық, ол биіктігі 40 сажын құлама жардың ернеуімен жүреді. Қорқынышты жерге жетпей жатып менде күтпеген жағдай болды. Жолда дауыл құлатқан дәу шырша ағашы жатты. Мен атты тебіндім. Атым тік тұрып шапшыды, бірақ тұяғымен ағашқа сүрініп, құлап қалды. Мен ұшып кетіп, орнымнан тұрдым. Тепе-теңдігін жоғалтқан атым жардан төмен домалап кетті, мен тек гуілдеген даусын естіп, тастар арасындағы атымның басы мен ер тоқымын өзеннен көрдім. Бақытына қарай, жар жайдақ болды, 30 сажындай домалаған ат аман қалды. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, соның арқасында мен қазақтардың арасында батыр әрі епті болып көріндім. (1. 294-296 б.)

 

Пайдаланылған әдебиет

  • Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы, 1-том

Алматы-2010, 294-296 б.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу