Ол – ұқыпты оқушы № 4. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып "Қазақ тілі"
(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.
2-тарау
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақтың тақырыбы: «Ол – ұқыпты оқушы»
Сабақтың мақсаты:
1.2 Сөздердің лексикалық мағынасын түсіну
3.1.2.1* баяу және анық айтылған жиі қолданылатын сөздер және сөз тіркестерінен құралған шағын мәтіндердегі сөйлемдердің мазмұнын түсіну.
4.1 Мәтінді түрлі формада ұсыну
3.4.1.1* тірек сөздер, сызбалар, суреттер, символдарды қолданып, постер/мәтін құрастыру.
Сабаққа қажетті құралдар:
Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.
Ертеңгілік шеңбер. «Әдепті бала»
Оқушылар өткен сабақты естеріне түсіріп, кезекпен сөйлемді жалғастырады «Мен әдепті баламын, себебі...». Жауаптары: үлкендерді сыйлаймын, құрметтеймін, сәлемдесемін, т.б.
Бұл тәсіл өздерінің әдепті, мейірімді екенін түсіну арқылы жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға, өткен сабақпен байланыс жасауға көмектеседі.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Тыңдалым.
Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет оқып беріңіз. Одан кейін сұрақтарға әркім өзбетінше жауап береді. Бір сөзбен жауап берсе болады, ең бастысы, тыңдалым мәтінін түсінгендіктерін тексеру әрі уақытты үнемдейсіз. Сұрақтарды тақтадан көрсетіп қойыңыз немесе қағазға шығарып беріңіз (әр партаға біреуден). Тапсырманы орындап болғаннан кейін, тақтадан дұрыс жауапты көрсетіңіз. Әркім өз жұмысын тексеріп, тақтада көрсетілген критерий бойынша бағалайды. Барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз). Тыңдалымнан кейінгі тапсырмада берілген сөйлемдерге «иә»() немесе «жоқ» (×) деп жауап береді. Дескриптор бойынша өздерін бағалайды. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында бір-бірін «Бас бармақ» әдісі арқылы бағалайды.
Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіңіз.
Оқылым.
Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, оқулықтағы мәтіннің мазмұнымен әркім өзі оқып танысады, оқушылар таныс емес сөздерді не тіркестерді қалай түсінетінін өздерінше айтып беруі керек. «Кофе таяқшалары» арқылы сұрақтарға жауап береді. Оқушылардың сөздерді анық, таза айтуына назар аударыңыз. Қазақ тілі мен орыс тілінде сөздердің екпін түсуіне қарай айтылу өзгешеліктерін естеріне түсіріңіз. «Бас бармақ» әдісі арқылы бір-бірін бағалайды.
Жазылым.
Оқушылар 2 топқа бөліңіз. Әр топ өз кейіпкерлерін сипаттап жазады. Сыртқы қасиеттері сыртына, ішкі қасиеттері ішіне жазылады. Оқушыларға жазу кезінде сөзді таңдауға және сауатты жазу үшін сөздіктер мен глоссарийлерді қолдануға болатынын ескертіңіз. Жұмыстың соңында «Бағдаршам» әдісі арқылы тапсырма бойынша кері байланыс жасалады, жазбаша комментарий беру үшін дәптерлерін жинап алыңыз.
Айтылым. «Кім – ұқыпты оқушы?» ойыны.
Текшені кезекпен лақтырып, тақта бетіндегі сурет бойынша ұқыпты оқушыны атайды. Бір минуттың ішінде қай топ көп әрі дұрыс атаса, сол жеңіске жетеді. Бұл ойын оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын оятады әрі сөздік қорларын дамытады.
Рефлексия, үй жұмысы.
«Ой бұлты» әдісі арқылы сабақ бекітіледі. «Осы сабақтан не үйрендік? Өздеріңе қандай ой түйдіңдер? Кімнен үлгі алар едіңдер?» деген сұрақтар беру арқылы топ мүшелері бірлесіп, сабақта өткен тақырып бойынша сөздер мен сөз орамдарын қағазға түсіреді. Топқа ақ парақ беріңіз.
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру