Ұқыпты оқушы № 4. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ, ОМЖ БОЙЫНША)
2-тарау
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақтың тақырыбы: Ұқыпты оқушы № 4
Сабақтың мақсаты:
2.5 Тыңдау-көру материалдары негізінде ойын айту
3.2.5.1* оқыған/тыңдаған материал бойынша өз пікірін (менің ойымша ..., менің көзқарасым бойынша ..., себебі ...) дәлелдеу
5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)
3.5.1.2* өз бетінше шағын мәтіннен көптік/ тәуелдік/септік/жіктік жалғаулы сөздерді ауызша/жазбаша тілде қолдану
Қызығушылықты ояту. «Қарлы кесек» ойыны
Оқушылар шеңбер құрып тұрады. Оқушылар мұғалім бастап айтқан сөзді жалғастырып, өткен сабақтардағы сөздерді айтып тізбек жасайды. Бұл тәсіл сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Сабақтың тақырыбын «Ұқыпты» деген сөзге ассоциация жасату арқылы болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-ишараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Оқылым.
Мәтінді оқыр алдында таныс емес сөздермен жұмыс жүргізіңіз және «мен» сөзінің өзгеруін естеріне түсіріңіз. Содан кейін оқушылар мәтінді «мен» сөзін өзгерте отырып оқиды, сұрақтарға жауап береді. «Мен, менің, маған, мені» сөздерімен сөйлемдер құрастырады. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз.
Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, оқушылар оқыған мәтін негізінде кестені толтырады, яғни мәтінге ат қояды, кейіпкер бейнесін сипаттайды. Жұптар жасаған жұмыстарымен ауысып, бір-бірінің жұмысын тексереді, өз ойын білдіреді. Өз ойын айтуда «менің ойымша, менің пікірімше», «себебі» сөздерін қолданады. Соңында смайликтер арқылы кері байланыс жүргізіледі.
Айтылым.
Оқушылар оқыған мәтіндегі кейіпкердің бейнесіне қатысты тұжырымдар бойынша жұпта өзінің келісетін/ келіспейтіндігін айтып, өз пікірін дәлелдейді. Оқушыларға сөйлеу үшін шаблон ұсынылады. Бұдан кейін тыңдалым мәтіні бойынша жұпта отырған оқушылар бір-біріне 3-5 сөйлем көлемінде әңгімелейді. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында бір-бірін дескриптор арқылы бағалайды, ал мұғалімнің тарапынан «Не қиын болды? Неліктен?» деген сұрақтар арқылы кері байланыс жасағаны дұрыс.
Рефлексия, үй жұмысы.
Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Алма ағашы» әдісін ұсынуға болады. Бұл ретте оқушылар түрлі-түсті алмаларды (стикерлерді) ағашқа жабыстырады.
Қызыл алма – бәрі түсінікті
Жасыл алма – сұрақтарым бар
Сары алма – түсініксіз
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру