Иса Байзақов (Қордайдан өткенде)

 Иса Байзақов (Қордайдан өткенде)

Түн еді, жым-жырт еді, ыңсыз-шыңсыз,
Айтқандай айға әңгіме көкте жұлдыз.
Ақырын теңселеді биік таулар,
Төменде жерге сүңгіп құдиған құз.
Оппа нар жота-жота ақ қояндай,
Үйіліп кесе-кесе жатыр солай.
Жамылған қараңғыда ақ торғыны,
Төселген түн астына ақ қыраудай.
Үлкен жол қарсыдағы қара барқын,
Ілгері жүрген сайын болад салқын,
Шүу-шүулей, шыңырлайды арба даусы,
Ол бірақ өзгертпейді түннің қалпын.
Жүкшілер өрлеп келед өрге қарай,
Қақпалап сиырларын жанамалай,
Бричка, қоқан арба жүрген сайын,
Шақырлап әнін қосып салад айғай.
Тырмысып аттары да өрге қарай,
Қаратер буы шығып жануар-ай.
Иесі маңдай терін сан сыпырып,
Атына қарап қояд аяғандай.
Қордайдың ең үстіне келген кезде,
Үскірік суық аяз басталды өзге,
Желдетіп кәрі Қордай бұлт ойнатып,
Боранды ұластырып тықты көзге.
Ақ түтік алай-дүлей соқты боран,
Уілдеп дауыл ойнап салады ұран.
Қар алды жүкшілердің қойын-қоншын,
Жүктері ауырлады одан жаман.
Соңынан бір заманда жетті автобус,
Жарқылдап маңдайында жайнайды көз,
Бүгіліп қарайсыңдар деген де жоқ,
Сырқырап алға түсіп жоқ болды тез.
Жүре бер ойнақтармыз біз де саған,
Темір жол біткен күні жаңа салған,
Қақ жарып қара тасын қарт Қордайдың,
Мақсатқа жетер-ақпыз көңілге алған.
Темір жол тесіп өтіп салар өрнек,
Асықпа, ертең ғана жанар еңбек,
Шалдыққан жүкшілер де масаттанып,
Өнерін бұл Қордайдың сонда көрмек.
Неше жыл жолшыға азап берген Қордай,
Талайды боранымен жеңген Қордай,
Тиген соң еңбекшінің темір қолы,
Өткізбек темір жолды кәр қыла алмай.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!