Қадыр Мырза Али (Қол жеткенге көңіл көгі толмайды)

 Қадыр Мырза Али (Қол жеткенге көңіл көгі толмайды)

Қол жеткенге көңіл көгі толмайды,
Толмай жатып толдым деген оңбайды.
Аңғал аға,
Әзір бізге
Жүлделі
Орындардан дәметуге болмайды!
Бәрінің де,
Бәрінің де бар мәні.
Асқар тауға шыға алмадық қарманып.
Атымыздың қамау терін алғанша
Асып озып кетті бізден бар халық.
Жөн-жосықсыз неге қалдық демеңіз,
Жұрт құйғытса,
Біз ақырын желеміз.
Арынды атты ауыздықтап,
Қор болып
Соңғы топта тозаң жұтып келеміз.
Бүтін жерге қақтыңдар деп сынаны,
Біреулерге айтылады сын әлі.
Бұған басқа кінәлі емес,
Бәріне
Біз өзіміз,
Біз өзіміз кінәлі!
Бір ағамыз алысам деп жер үшін,
Бір ағамыз таласам деп төр үшін
Жүрген кезде ұмытқан ғой,
Ұмытқан
Келер күндер алдындағы борышын.
Тыңдап тұрып осыны айтқан жыршы
Бола қалам шөгіп кеткен бір шалың.
Қыраулы бас салбырайды кеудеме
Қары қалың бұтағындай шыршаның!
Өрге басқан заманды ешкім бөгемес,
Бірақ көкті кезіп жүрген көп елес.
Ескінің де жақсылығы бар әсте,
Жаңаның да жамандығы жоқ емес!
Келешекте тумен бірге Күн ұстар
Елім талай жаңалықпен тыныстар.
Демен бірақ жетістігі ғылымның
Жүз децибал,
Мың децибал дыбыстар.
Темірменен туыс емес сезімім.
Сиренаңыз бола алмайды өз үнім.
Мына маған жақынырақ олардан
Момын даусы маңыраған қозының.
Жұлдыздарға қолын созса Отаным,
Қор болмайды одан ауыл, қотаның.
Маған бірақ
Орман кескен араның
Даусынан да
Сұлу даусы ботаның.
Өскен жанмын қызылсырап,
Ақсырап.
Тек өзіме лайықты бақ сұрап.
Сыншыларым шуласа да айтайын,
Газ иісінен көңнің иісі жақсырақ.
Сұмдар дайын әлемді екі жаруға.
Қарамайды олар сәби, аруға.
Салыстырсаң нейтрондық бомбамен,
Шоқпар деген,
Сойыл деген қару ма?!
Өрге басқан заманды ешкім бөгемес.
Бірақ көкті кезіп жүрген көп елес.
Ескінің де жақсылығы бар әсте,
Жаңаның да жамандығы жоқ емес!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі