👈 қаріп өлшемі 👉

Алмас Темірбай (Рамазанмен қоштасу...)

 Алмас Темірбай (Рамазанмен қоштасу...)

Әй, мүміндер! Алладан шынайы
қорқумен қорқыңдар да,
Мұсылман болған күйде ғана өліңдер.
(Әл-Имран сүресі, 102 аят).

...Оразаны күтеміз тағы да біз,
Он бір айда о, қанша қамығамыз?!
Қимай-қимай кетерде қоштасамыз,
Сосын қайта келгенше сағынамыз...

Бұл Рамазан – нәпсіден тыйылған ай,
Жын-шайтанның жолдары қиылған ай.
Құран түсіп ғаршыдан, Мұхаммедке,
Пайғамбарлық мұғжиза бұйырған ай!

Жерге түсіп көктегі періштелер,
Кімнің не істеп жүргенін тегіс көрер.
Отыз күндік байқауды өткізгендей,
Пенделерді таңдайды пейішке енер!

Кешірілер – баяғы күнәларың,
Мың амалға татиды бір амалың.
Қабыл болар тілеген дұғаларың,
Амин болар Алладан сұрағаның.

Рахман нұры жер-көкке шашылады,
Жын-шайтанның желігі басылады.
Жеті тозақ есігі тарс жабылып,
Сегіз жұмақ есігі ашылады.

Сегіз жұмақ есігі ашылады,
Бәрі сауап жинауға асығады.
Ең керемет сыйлығын Сұбхан Алла,
Оразаның ішіне жасырады.

Қадір түні − қадірлі мың айдан да,
Ұйқың менен нәспіңді сынайды Алла!
Тілек тіле, дұға қыл, Құран оқы,
Одан артық не керек мұңайғанда?!

Шын жүректен айтылса шаһадатың −
Жол ашылар жұмаққа апаратын.
Оразада білінер, о, мұсылман,
Бір Аллаға деген шын махаббатың!

Адамға емес, Аллаға айт, арызыңды,
Оразада орындап парызыңды.
Кредитіңді банкке қайтарғандай,
Қайтар, досым, Құдайға қарызыңды?!

Ішіп-жемнен тыйылып асқазаның,
Босап кетіп жүрмесін басқа жағың...
Ораза тұт − он екі мүшеңмен де,
Жаман іспен жаныңды ластамағын!

Күнәларың күн сайын жиналуда,
Қу жаның мен иманың қиналуда.
Пайда үшін ұстаған оразаңның,
Пайдасы жоқ ешқандай иманыңа!

Бір жасаған күнәңа қайта оралма,
Иманыңды сол кезде байқайды Алла!
Шайтанды ойлап шошыма, нәпсіңді тый,
Нәпсің күшті кей кезде шайтаннан да!

Біздің қазақ біреуді жазғырады,
Сол бір мінез сенімін аздырады.
Күнә қылсаң бұл айда, онда сені
Шайтан емес, өз нәпсің азғырады.

Жеңілдіктер жасаған Құдай талай,
Бірақ, соны солай деп кім айтады-ай?!
Шыдамасаң шілденің ыстығына,
Шыбын жаның тозаққа шыдар қалай?!

Ғибрат болар бұл дағы бар ғаламға,
Көрген адам ойланып, таң қалар ма?!
Қырық күндік ораза ұстайды екен,
Ыстығында шілденің қарғалар да!

Оразада иманың білінеді,
Кім Алланың көзіне ілігеді?!
Аузы берік кезінде өлген адам,
Аузын ашып, жұмақта тіріледі!

Жасап жүрсең жасырын садақаңды,
Бос қайтармас жайылған алақанды.
Жамағатпен қарсы алып қара түнді,
Қанағатпен күтеміз ала таңды!

Жалғыз Алла... қол жайып, бас иетін,
Оразаның арттырған қасиетін.
Тартқызбасын біздерге, ешқашан да
Тозақтағы кәпірдің қасіретін!

Елеңдейсің тұрып ап таң азанда,
Өтті, міне, биылғы оразаң да.
Аман-есен жетейік, ал, ағайын,
Рамазаннан келесі рамазанға!

Сүйген құлы Алланың болу – арман!
Мұхаммедті жәннаттан көру – арман!
Мұсылман боп қартайып, жасың жетіп
Оразаның ішінде өлу – арман!
...Сол арман-дар-ың-ыз-ға жетіңіздер!
Әумин!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» «Елімізде ескі несиелер кешіріледі»: министрлік өзгерістерді түсіндірді. 27.07.2022
» Кәрім Мәсімовтың шетелдегі 3 млн доллары елге қайтарылды 19.07.2022
» Түркістандық өртеніп жатқан ғимараттың төбесінен туды алып шықты 19.07.2022

Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы