Қыс туралы ақындардың өлеңдері


Қыс - ертегі оқиғаларының уақыты. Бұл жаңа үміттер, жаңа ұмтылыстар, жаңа армандар уақыты. Жылдың осы уақытында бәрі керемет! Тіпті қатты аяздар да жақсы, өйткені олар туған үйінің жылуы мен жайлылығын сүюге және бағалауға үйретеді. Ақындар, әсіресе, алғашқы қар жауғанда шабыттанады дейді.


қыс, өлең, өлеңдер, қыс мезгілі, поэзия


«Сен тұратын қалада қар жауды ма?», Ерлан Жүніс

Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.

Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
…Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?

..Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?

Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей… …көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?

Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?

Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..

Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар! Қар! Қар!…


қыс, өлең, өлеңдер, қыс мезгілі, поэзия


«Қар жауып тұр», Мұқағали Мақатаев

Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?!
Қар ғой мынау, бір түнде түскен жерге.
Бір түнде мына аймақтың өңі өзгеріп,
Бір-ақ түнде керемет істелген бе?!

Жәйімен жапалақтап қар жауып тұр,
Үлгермей де қалдың-ау қамданып бір.
Ыққа кеп қонақтаған көгершіндер,
Бұталарға қарайды таңданып құр.
Қар жауып тұр, жауып тұр, қар жауып тұр.

Заңды ғой, заңды бәрі, талас бар ма,
Аққа оранған көшелер, ағаштар да.
Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.

Қала жатыр оранып ақ тұманға,
(Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да.)
Жығылған соң жалауы, жаз тығылды,
Қыс кіре алмас өмірі шахтыларға.

Қыт қытымыр. Жайлы емес далаға онша.
(Малшыларға қиын-ау, дара қонса…)
Біледі өзі табиғат, қайтер едік,
Қыс ақ болмай, егерде қара болса?!





«Ақ қармын мен деген…», Танакөз Толқынқызы

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.

Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін,
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.

Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.

Қолшатырлар шықты, міне, шеруге,
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген…


қыс, өлең, өлеңдер, қыс мезгілі, поэзия


«Алғашқы қардан бір үзік», Ерлан Сыдық

Ұйқысыз түнді өзіңсіз өткен,
Ақ таңға жалғап ілемін.
Ақ ұлпа сезім құлайды көктен,
Сағынды сені, білемін.

Өзіңсіз бәрі қалады жетім,
Сыңғырлы үнің құлақта.
Ақ қардай орап даланың бетін,
Сені ойлап тұрмын қыратта.

Сағынышымды аспанға қадап,
Ақ қар боп көктен үзілсем.
Күрсініп жүріп ақ қарға қарап,
Мені ойлайсың ба бүгін сен?

..Бұлақтан тұнық махаббат тұнған,
Жүрек іздеп бағынышын.
Мен ғой ол мен қапалап тұрған,
Ақ бұрқасын сағынышым.

Жетелей жүріп жатқандай жолмен,
Баурап алды ма еркіңді ?..
Мамықтай нәзік ақ қар ғой, ол мен
Аймалап тұрған бетіңді.

Сағыныш деген апаратын ой,
Айналып келдім ақ қарға.
Ақ қардай таза махаббатым ғой,
Аяла… жерге таптама.



қыс, өлең, өлеңдер, қыс мезгілі, поэзия


«Ардың аппақ түріндей ғой қар деген», Темірғали Көпбаев

Ақ көбелек қанаттары дірілдей,
Бұтақтарға қонып жатыр білінбей.
Ақ қайынды тербетеді тіршілік,
Ұяң қыздың ұйқыдағы түріндей.

Ақ жұлдыздар қонып жатыр сәндене,
Қар мен қыздың не қатысы бар деме.
Арулардың айнасындай ар деген,
Ардың аппақ түріндей ғой қар деген.

Ақ қайынды ару дедім ақмандай,
Күзден алып алтын жүзік таққандай.
Табиғаттың ет жүрегі елжіреп,
Жас келінге жаулық жауып жатқандай.




«Мұңды… Бақыт…», Назира Бердалы

Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.

Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім…


қыс, өлең, өлеңдер, қыс мезгілі, поэзия


«Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар», Қалқаман Сарин

Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.

Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.

Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.

Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.

Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.

…Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.


қыс, өлең


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу