Сәкен Сейфуллин (Шөлде)

 Сәкен Сейфуллин (Шөлде)

ДОМБЫРАҒА

Көкіректе қайнаған кек оңдыра ма?
Көңілді бір орынға қондыра ма?
Түнерген қара қабақ жадырасын,
Ән салып, күй күйлейтін домбыраға.
Аршадан кертіп жонып тиек салдым,
Ызаны тарқатуға домбыра алдым.
Күңіреніп, көтеріліп, қанат сермеп,
Домбырам, айтшы бәрін біздің халдің!?
Домбыра-ай, күйлер қоссын пернелерің!
Тарқатшы көкіректегі кектің шерін.
Қабақты қарс жауып тұнжырады,
Түнеріп, түгі шығып қайратты ерің.
Домбыра күйлегенде шыққан сарын,
Көкіректен ән салғанда шыққан жалын,
Күйдіріп әм мұздатып жан мен тәнді,
Әлемге біздің халдің айтшы бәрін?!

АҚҚУҒА

Келеді мұңды дауыс құлағыма,
Япырым-ай, бір сорлы әйел жылады ма?
Сағынып әлде қымбат бір адамын,
Көл қылып көздің жасын бұлады ма?
Уа, әне сыңқылдаған аққу екен,
Біреуге сәлем айтсам, айтар ма екен?
Әй, аққу, әй, сәлем айт жолыққанда,
Сарыарқа сынсыз сұлу біздің мекен.
Сол жақта естен кетпес бір адам бар —
Сорлы ана, ол сағынып еңіреген зар.
Көкірегі қарс айрылған «уһ» дегенде,
Емес ол опасы жоқ сұм сүйген жар.
Уа, дүние-ай, қанат бітіп құс боп ұшсам,
Сағынған сол байғұсты барып құшсам.
Шипа боп жарақатты жүрегіне,
Құшақтап көкірегіме басып қыссам!

КҮРЕҢ AТҚА

Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Арқадан күдер үзіп торықтың ба?
Мендей-ақ тыныштық таппай елді тастап
Сен-дағы сергелдеңге жолықтың ба?
Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адаммен
Жолдас боп, арып-ашып талықтың ба?
Күрең ат, жабырқама, арқаң босар,
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар.
Ел-жұртқа есен қайтсақ, тілектестер
Той қылып, алдымыздан бізді тосар.
1919 жыл, қазан, Шөл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!