Ақтөбелік отбасыға үй алып берген кәсіпкер өзі де балшық кешіп өскенін айтты

Ақтөбелік отбасыға үй алып берген кәсіпкер өзі де балшық кешіп өскенін айтты

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен отбасыға көмек көрсеткен кәсіпкер Қайрат Құдайберген NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берді.

- Әңгімені Ақтөбеге сапарыңыздан бастасаңыз.


- Махаббат туралы видеоны әлеуметтік желіден ағам (әріптес - ред. ) екеуміз көрдік. Қатты әсер етті. «Көмектесейік» деп шештік. Негізі қаржылық қолдауға сол кісі көмектесті. Алғашында баспананы үйлерінің орнына салып беруді ойладық. Бірақ, ол жер су табанында тұрғанын, инфрақұрылымның жоқ екенін білгеннен кейін Ақтөбедегі таныстарымыз арқылы үй іздеуді бастадық. Болашақ ауданындағы жаңа үйден үш бөлмелі үй бұйырды.

- Қазір жылап көмек сұрайтын адамдар көп. Махаббат сізге қалай әсер етті?

- Шынымды айтайын, пәтер ішінде Махаббаттың мамасының сөйлегенін көргенде өзім жылап жібере жаздадым. Қатты толқып кеттім. Махаббаттың өзі де тілге шешен екен. Олармен кездесуден мұндай әсер аламын деп ойлаған жоқпын. Мен осы арқылы басқа кәсіпкерлерді Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге шақырамын. Бұл асардың басы болсын. Қалталы кәсіпкерлер қарапайым халықтан көмекті аямау керек деп ойлаймын.

- Махаббат жаңа үйге қашан көшеді?

- Махаббаттың отбасына толық көмек көрсетілді. Үйге қажетті барлық заттар алынды. Жиһаз, тұрмыстық техника, терезе жапқыштарына дейін алынды. Екі аптаның ішінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады.

- Сізді көпшілік ауқатты адамдардың қатарына қосады?

- Мен өзімді бай адамдардың қатарына қоспаймын. Мен миллионер емеспін. Менің байлығым - отбасым, балаларым. Басқасы Алланың берген берекеті. Көмекті қолымнан келгенше жасаймын.

Осыған дейін де жариялаусыз көмек көрсетіп жүрдік. Бұл жағдай басқа кәсіпкерлерге «вирус» ретінде тарап, үлкен акция болса екен деймін. Себебі хабарласқан басқа кәсіпкерлер бұл туралы неге айтпадың деп жатыр.

Көпшілік білу үшін жеке парақшама жазуды сұрап жатқандар бар. Әлі де хабарласып, қалай ақша жіберуге болатынын сұрайды. Мен ол кісілерге біз Махаббаттың отбасына толық көмектестік, ендігі көмек су тасқынынан зардап шеккен басқа адамдарға қажет екенін айтудамыз.


Видеоны көрген соң көпшілігі Махаббатты сұрайды.

- Елдегі үлкен акцияны бастаған кәсіпкердің болашақ жоспарлары қандай?

- Болашақта өзімнің «ІТ» жағынан бес жобам бар. 19 мамырда бизнес форум жасаймын. 23 беделді кәсіпкер және құпия спикер болады. Оны көргенде елдің бәрі құлайды (күліп) деп ойлаймын. Әзірге оны ешкімге айтпаймыз. Осы жобаның аясында көптеген жұмыстар жасалынады деп ойлаймын.

Маған жастармен жұмыс жасаған ұнайды. Сондықтан көп жобаларыма маман ретінде жас мамандарды алдым. Студенттерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін тағы бір жоба жасап жатырмыз.

- Сіз шетелге жиі шығасыз, Қазақстанды қалай таниды?

- Қазақстан шетелде Головкин, ЭКСПО жағынан танымал. Қазір Димаш танытып жатыр. Шетелде Қазақстан дегенде бірден «мұнай» дейді.

- Жас кәсіпкер ретінде Қазақстан дамыған елдермен теңесу үшін не жасау керек деп ойлайсыз?

- Қиын сұрақ. Біз бағытымызды жаңа инновациялық жобаларға өзгертуіміз керек. Бізде жобалар жоқ емес. Бірақ әсері аздау. Жаңа жастар легін кәсіпке тартуымыз керек. Бизнес жоқ жерде адамдардың ахуалы нашар болады. Қазір технологияның дамыған заманы. 15-20 жылдан кейін мұнайға тәуелділік азаяды.

- Сіздің кемшілігіңіз...

- Адамдарға «жоқ» деп айта алмаймын. Осыны өзіме жиі үйретемін. Сұрақтармен келетін адамдар көп. Әрбіріне көмектесу мүмкін емес. Жаның ашиды. Осындайда қиналамын. Екіншіден, эмоцияға көп берілемін. Жылаған қыздарды көргенде жүрегім ауырады.

- Кемшілігіңізден зардап шеккен кездер болды ма?

Бизнес жобалар кезінде болды. Төрт-бес рет сенген кәсіпкер әріптестерім алдап, ақшамды алып, несиеге кіргізіп кеткен жағдайлар болды. Бірақ, Алланың көмегімен барлығы жақсы шешілді.

- Ырымға сенесіз бе?

- Жоқ. Ырымшыл емеспін, әруақтарға да сыйынбаймын. Құдай бір. Тек Аллаға ғана сенемін.

- Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз...

- Екі ағайындымын. Өзімде екі бала бар. Қызым 11 де, ұлым 1 жаста. Дінмұхамбет Ідірісов деген ағамның жеті баласы бар. Ержан Досбаевтың бес баласы бар. Осындай ағаларымызға қарап, мен де жеті баламның болғанын қалаймын. Келіншегіме құлаққағыс қылып отырамын.

Өзім қарапайым отбасынан шықтым. Жер үйде тұрдық. Сол жерде от жағып, дәретханаға бару үшін далаға шығатын едік. Жол балшық. Сонда да үстімізді таза ұстаймыз. Әкеміз тазалыққа үйретті. Киімің жаңа болмаса да таза, үтіктеулі болу керек деп үйретті. Сөмкемде үнемі щетка мен крем жүретін.

Бес жасымнан анама көмектесіп, саудада жүрдім. 12 жасымда өзім базарда сауда жасадым. Полиция келіп қуғанда жеткізбей қашып кететін едім. Барлығы еңбекпен келеді. Анамнан көп таяқ жеп өстім. Анамның сол тәрбиесінің арқасында жауапкершілікке үйрендім.

- Сізді анаңыз қалай еркелетеді?

- Оқтаумен (күліп). Әкемді пахан деймін. Пахан да, мамам да бізді қатты ұстады. Дархан екеуміз есік алдына шығып төбелесеміз. Соңында әке-шешемізден таяқ жеп қайқаямыз. Ата-әжеміз еркелететін еді. Соларға жақын болдық. Кезіндегі әке-шешемнің қатал тәрбиесі қазір әсер етеді. Тәртіпке бағынуға, кішіпейіл болуға үйретті.

- Сіздің басқа айтарыңыз...

- NUR.KZ порталы тамаша. Телефонымда мобилдік нұсқасы бар. Жаңалықтарды сіздерден оқимын. NUR.KZ порталы ерекше тақырыптарымен бірінші орында тұр.

Тағы бір айтарым, жастар кәсіпкер болудан қорықпау керек. Батыл қадамдар жасау керек. Болашақ жастардың қолында. Оған дұрыс бағытпен бару керек.


Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады