Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  346


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Тост

Тост айтайық, сөз де дайын, жас дайын,
Балғын шаққа сүйенеді мас қайың.
Ертең ,достар, кім бар кім жоқ өмірде,
Ішерімді бүгін ішіп тастайын!
Күз мұңына у тамызып жосылған,
Талықсиды, бебеу дүние, соқыр маң.
Сәулем, Сәулем, дей беретін қайталап,
Аноооу, менмін удай мас боп отырған.
Удай маспын, өзім оған кінәлі,
Көзден ағар қасіреттің бұлағы.
Бір басыма сан сынағы құдайдың,
Ұнаған жоқ, ұнамай- ақ жүр әлі.
Дайындай бер сынағыңды, Құдеке,
Кие алмаймын тұмағыңды, Құдеке…
Шайыры жоқ, һам шарабы жоқ болса,
Жауып таста жұмағыңды, Құдеке!
Жауып таста, оған несін мұңайдың,
Деп оны да өз әлімше сынаймын.
Солай досым, мен бақытты боламын,
Білген күні қайда екенін құдайдың!


Дәл сол күні, қанжарымды ала ұшып,
Құдекемді шошытсам бір танысып,
Дәл сол күні құдайменен қағысып,
Ертесіне кетсек тағы, тағы ішіп…
Мен сол күні құдекемнен сұраймын,
Бақытсызын адамдар мен жыл айдың…
Құдай сол күн мас болады, жылайды,
Мен де сол күн мас боламын жылаймын!
Содан кейін, құдай ұйықтап жатқанда,
Бақыт бұлты ақтарылып аспанда,
Кел достарым, ішіп- ішіп алайық,
Түспей тұрып құдай құрған қақпанға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу