Өлеңдер ✍️

  25.09.2022
  114


Автор: Олжас Сәндібек

Есімде түнгі боран...

Есімде түнгі боран,
Ұмытпан қаңтар айын.
Ерекше гүлге ораған,
Кеудемнің жан сарайын.
Сансыз сыр айтатынбыз,
Тоқтамай үдетпелеп.
Ұзақ түн қайтатынбыз,
Бір күліп, бір өкпелеп.
Томпиып назданатын
Жырымды жиі өрмесем,
Жымиып мəз болатын
Мен сені сүйем десем.
Бір шығып бір бататын,
Сезімдей күш ағынға.
Тұншығып тіл қататын,
Тығылып құшағыма.
Арманның қанаттарын,
Аялай қағатынбыз.
Ағарып таң атқанын
Аңғармай қалатынбыз.


Шапағы тарқатылған,
Ататын таңым нұрлы.
Еріні бал татыған
Қаракөз сағындырды.
Есімде түнгі боран,
Ұмытпан қаңтар айын.
Ерекше гүлге ораған,
Кеудемнің жан сарайын.
Мен қалай сағынбайын,
Мен қалай аңсамайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу