Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  71


Автор: Темірше Сарыбаев

КҮТТІМ МЕН СЕНІ

Күттім мен сені,
Күттім мен сені,
Көп күттім,
Темірдей берік төзімімді де жеп біттім.
Жолыңды тосар ағаңның барын білгесін,
Кешігуіңнің қисыны мүлде жоқ тіпті!
Сағатым – жылдай,
Секундым – күндей көрініп,
Көтерген басын кеудемде өлді көп үміт.
Асықтырады, асықтырады, япыр-ай,
Уақыт атты қанымды сорған жегі құрт.
Келер деп едім,
Көрем деп едім мен бүгін,
Ұяттан нарттай қызарып барып сөнді күн.
Қыз деп те саған қызыққан жоқ ем, қалқам-ай,
Арқалай алар азамат деп ем ер жүгін.
Білмеймін неге, білмеймін, неге бөгелдің,
Ойламадың ба обалы бар деп өлеңнің?
Бозторғай-шыдам шырылдап тұрды уысыңда
Бозала белде уақыт деген шебердің.
Күтем мен сені,
Күтем мен сені
Өлгенше,
Жанымдағы оттың жарығы әбден сөнгенше.
Қабірімде де қызғалдаққа орап қарсы алам,
Көктемің болып алдыңнан шығам
Сен келсең..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу