Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  161


Автор: Ақылбек Манабаев

БҰРЫМ ТУРАЛЫ

Тамсандырар кісіні
Тал шыбықтай мүсіні,
Талма белге керілген,
Талықсып келіп төгілген
Бұлқынған бұла бұрымдар.
Секілді жібек сыпырғы,
Бұлықсып сипап мықынды,
(Мен жалғызбын, сендер көп)
Сонда-дағы көлбеңдеп,
Көз алдымда тұрыңдар.
Айқара жапсаң өріліп,
Ақ иықтар көміліп,
Алма-мойын, ай-тамақ,
Қарасаң да қайталап.
Қалады екен тасада.
Сусыған қара бұрымдар,
Сусап айтар сырым бар,
Туыстасым, жерлесім,
Қарындас, бірің жеңгесің,
Бірің сыйлы жас ана,
Назды, нәзік сұлулар
Назарды бері бұрыңдар.
Сендерге деген шырын-бал
Тілегімді ұғыңдар.
Шіркін, қара бұрымдар.
Қыран-жанар, қырымдар,
Қиядан шалып қырындар,
Қайтарып соның сұғын бар,
Жеңіскер болып шығыңдар.
Іңкәрлік мәңгі шыным дәл,
Суырып суық мұңымды ал,
Кеудемде сауық құрыңдар,
Бал сезім болып тұрыңдар,
Қайран, қара бұрымдар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу