Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  301


Автор: Ақылбек Манабаев

ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ДИАЛОГЫ

Жігіт:
̶ Не тілегің бар жаным,
Айтқаныңа көнейін.
Көктегі ай ма арманың.
Көтеріп алып келейін.
Болсын мейлі қанша алыс,
Сен үшін сапар шегейін.
Бойымда егер қалса күш,
Болдырдым, сірә, демейін,
Жұлдыз ба әлде қалауың,
Сырға етіп тағайын,
Ару таңның алауын
Жүзіңе нұр ғып жабайын.
Жұпар сеуіп шашыңа,
Самал болып тарайын,
Мамық бұлтты басыңа,
Үкі қылып қадайын.
Сахараның гүлін бар
Саған арнап жинайын,
Ішкізіп ылғи шырын-бал,
Шарбат қана сыйлайын.
Алдыңа әкеп алтынның
Ағызайын бұлағын.
Болшы маған жарқын күн,
Болшы менің сыңарым!...
Қыз:
̶ Қол жетпеске ұмтылып,
Мазалағым келмейді.
Тұрсаң егер ынтығып,
Бос қиялға бөлме ойды.
Жете алмайсың сенімге
Сылдыраған сөзбенен,
Айтарыңды тегінде
Айнадан оқыр көз деген.
Төзімді бол, тілегім,
Ғашықтықтың өртіне.
Танытсын ақ жүрегің
Адалдығын сертіне.
Қыздың толып сынына,
Таппақ болсаң қалауын,
Махаббаттың шыңына
Тік, ізгілік жалауын.
Жақсылап бір тағы да,
Ой түбіне батып көр.
Шындап сүйсең, жарыңа
Байлық емес, бақыт бер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу