Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  96


Автор: Ақылбек Манабаев

АЛҒАШҚЫ ӘСЕР

Шүйкелеп ақ түтінін шумақ-шумақ,
Келеді күміс лайнер оқтай зулап.
Алтын жал толқындарын аспанға атып,
Төменде көкшіл мұхит жатыр тулап.
Қалқыған баяу ғана бұлттар мамық,
Барады лек-легімен артта қалып.
Жаңғыртып бар маңайды жар салғандай
Тынымсыз мотор үні зыр-зыр қағып.
Жалындап жарқыраған күн реңі,
Шағылып айналарға нұр іледі.
Мазасыз терең ойға шомған Мұхтар
Толғанып терезеге үңіледі.
̶ Степан *,
Мұхит неткен ғажап,
Көрші,
Сонау бір толқындарға көңіл бөлші,
Сызғандай қолмен көркем картина ғой,
Көрінер бір бояу жоқ оғаш, ерсі...
Досының толғана айтқан құптап сөзін,
Төменге әйгілі ақын қалап көзін,
Ішінен сүйсінеді серігіне
Тереңнен оянғандай ұшқыр сезім.
Шабыттың жұмсақ басып пернелерін,
Жүрегін тәтті қиял тербеп еді...
Шумақты ақтаруға қалды үлгермей
Алыстан қарауытып жер бедері.
Көлбеген жазық дала құмдақ, қырлы,
Ағаштар жапырағын бұлғап тұрды.
̶ Армысың, Америка, күрделі ел
Ордасы оқиғаның жұмбақ , сырлы.
Самолет қонбақ, сірә, құлдилады
Жарқ етті сол бір сәтте күн дидары.
Траптан түскен кезде бұлар жайлап
Лап қойды баспасөздің «қырғилары».
̶ Айналған «еркін өмір» тұрағына,
Айтыңыз, Америка ұнады ма?..
Сыртылдап фотоаппарат тұс-тұс жақтан,
Төпеді тілшілердің сұрағы да.
̶ Газетке білесіздер шолу ̶ дерек,
̶ Не түрткі болды мұнда келуге? ̶ деп,
Төнеген қонақтар да қысқа айтады,
̶ Бағалау үшін бәрін көру керек!
̶ Бай, күшті күллі әлемге
Паш еліміз...
Алғашқы қандай алған әсеріңіз?
Бір ауыз тым болмаса пікір айтып
Қойыңыз қолыңызды.
Мә, келініңіз?..
Жылпостар қағаз, қалам ұсынады,
Жатқандай ойларының ұшығы ары.
Көнбестен өрекпиді дегендерге:
̶ Үлгерген жоқпыз ғой түсіп әлі...
̶ Дегенмен...
̶ Жалғыз ауыз жылы лебіз,
Мың мейман қарсы аламыз күніне біз.
Баршаға құшағы ашық, Америка ̶
Қонақжай мемлекет ең, ірі деңіз...
̶ Шат елміз! ̶ деп тағы да қолқалайды, ̶
̶ Серпілер басыңызда болса қайғы...
Қалайша пікір түйе алмадыңыз,
Осынау қошеметшіл орта жайлы?..
̶ Бостандық мұнша нағыз бар адамға,
Баспана беріледі қалағанға...
Қасарып қадалады сұқты жанар
Уытын жаймақ болып саналарға.
«Мынау не?
Бізді арбап, алдамақ па,
Құрбан ғып арзан сөзге жалдамақ па?!.
Қулығың келмей жатып болды мәлім
Көнбейміз,
Сенбейміз біз жалған атқа.
Астарлы, сырлы қойған сұрақтарың,
Мұқату Совет елін мұраттарың.
Әрқашан арам пиғыл іске аспайды,
Бар болса ұқ осыны құлақтарың.
Бұлқынтып қозғаса да бұла күшті ой,
Булығып Мұхтар үнсіз тынады іштей.
«Япыр-ау,
Бұл жылпостар бізден мүлде
Мүдде,
Зерде жағынан тым алыс қой».
Жаңағы мазаны алған айғай-сүрен,
Басылды
Жақтары әбден талды білем.
Енді бір қарауылдап аз ғана топ,
Көрінді,
Шеттерінен «Маңғаз» кілең.
̶ Ресми ұйымдардың өкіліміз.
Машина,
Ең таңдаулы шоферіміз.
Барлығы сіздер үшін,
Жасқанбастан,
Кәнеки,
Жайғасыңыз,
Отырыңыз?..
̶ Әнеки, аралаңыз,
Қала ғажап,
Маңыңыз азаматтар саналы,
Азат...
Сын көзбен айтқандарын тыңдап отыр,
АҚШ-пен бетпе-бет кеп қара қазақ...
Жай емес,
Даланың ол ноян ұлы,
Денесін баяу қозғап қояды ірі.
Өзара үнсіз ғана тілдескендей
Әлемге әйгілі ел мен ой алыбы.
Тұрғанын көрсе егер бір ана жылап,
Қайғылы күй кешеді жаны азынап.
Кеуденің түкпіріне жинайды ол
Баққанын,
Байқағанын таразылап.
Табысты байлар мұнда еншілейді,
Жұмыссыздар бір қызмет берші, ̶ дейді.
Әрлі,
Нәрлі,
Қымбаттан арзандар көп,
Көңілің еш нәрсеге көншімейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу