Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  228


Автор: Ақылбек Манабаев

«АНАМА ХАТ» ОТАНЫМ

Ашқан кезде тіршіліктің есігін,
Болған алғаш аялы алтын бесігім.
Қымбат маған ақ сүтіндей анамның
Отан сенің қасиетті есімің.
Тердім сенде еңбегімнің жемісін,
Сенде оқыдым, кеңейіп ой, өрісім.
Әрқашанда әлдилеген анадай,
Көп қой саған ардақты Отан борышым.
Жас қиялым төсін шарлап көгіңнің,
Жалынымен шыңдалуда өмірдің.
Мерекелі күндеріңде қуанып,
Тасқындаған ән-күй болып төгілдім.
Ізденумен қарсы алып ақ таңдарды,
Талаптанып биіктеттім талғамды.
Сенсің барлық табысымның бастауы
Тұңғыш жырым бір өзіңе арналды.
Тілектес боп қадамымды қостап тың,
Көкірегіме өшпес алау ̶ от жақтың,
Сенің бейбіт құшағыңда тағдырлас,
Мүддесі бір, мақсаты ортақ дос таптым.
Мекен-жайым ̶ той-думанды алаңдар,
Төңірегім ̶ гүл көтерген адамдар.
Тарту етіп жайып салып барыңды
Су сұрасам, ұсынасың маған бал.
Мамандыққа шеберленген майталман,
Малшыдамын қыс қаһарын қайтарған.
Диқан болсам, менің елпек қолыммен
Ел ырысы ̶ алтын астық жайқалған.
Шабындыққа салған өткір шалғыны,
Мен даланың еркін өскен арда ұлы.
Бұзылмасын тыныштығың,
Берекең, осы менің жүрегімнің жарлығы.
Ғұмыр тәтті,
Оны сүйіп сақтаңдар.
О, жарандар,
Солмасын гүл
Баптаңдар!
Бейбітшілік ̶ миллиондар тілегі
Оған қарсы ажал оғын атпаңдар!..
Соғыс лаңы...
Әлі ұмыт болған жоқ,
Күрес туын түсірмеңдер қолдан деп,
СССР ̶ Менің Ұлы Отаным
Тұр әлемге берік қамал ̶ қорған боп!
Ізгі үмітін адамзаттың ақтаған,
Ерлік даңқын, елдік салтын сақтаған
Сенің биік мәртебеңді Отаным
Өлеңімнің азығы етіп мақтанам!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу