Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  79


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖАҢБЫРДА

Ашық еді,
Кенет аспан түнерді,
Қою бұлттың тасасына күн енді,
Қара нөсер түйіліп кеп төбеден,
Тамшыларын төгіп-төгіп жіберді.
Айналамыз айналды сел-тасқынға,
Қалып қойдық қалың жаңбыр астында.
Қыр басында паналайтын орын жоқ,
Тұрды қатып сияқтанып тас тұлға.
Көйлегіміз суға әбден малшынды,
Елемедік денедегі қалшылды.
Жалын атып жаутаңдады төрт жанар,
Қиындыққа сыр алдырмас жан сынды.
Иық сүйеп бірімізге біріміз,
Демеу болдық,
Үзілмеді сырымыз.
Қиын сәтті жайраң қағып өткіздік,
Жаурасақ та жазылмады жұбымыз.
Еппен ғана тартып едім ығыма,
Еркеледің,
Қолтығыма тығыла.
Енді ойласам,
Төтеппіз ғой сонда-ақ біз
Жаңбыр емес,
Махабаттың сынына...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу