Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  98


Автор: Ақылбек Манабаев

ДАРҚАН ДАЛАМ

О, менің жазиралы дарқан далам!
Кімдер бар тамашаңа тамсанбаған.
Ынтық қып тамылжыған таңдарыңа
Дейсің бе, Күнді күліп қарсы ал, балам!
О, менің қасиетті дарқан далам!
Кеудеңнен бұлбұл ұшып, ән самғаған.
Ой алып жап-жасыл ну орманыңнан,
Аяқты еркін басып, алшаңдағам.
О, менің кең пейілді дарқан далам!
Топырағыңды құр тоздырып, талтаңдаман.
Гүл егем құмдарыңа, таңдарыңа
Ғасыр бойы ат ізін жан салмаған.
О, менің асыл анам, дарқан далам!
Құшағың – шаттыққа ұя, шалқар ғалам.
Қыраулы қыс, қытымыр аязда да
Қызу беріп тұрады арқаң маған.
О, менің құдіретті дарқан далам!
Өз ұлыңмын, мақсатым бар таңдаған.
Кіндігімнің бір тамшы қаны тамып,
Тағдырымды тек саған арқандаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу