Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  140


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖАҢБЫРЛЫ ТАУ

Көрсететін шаңырақтан дəу басын,
Шықтың ба, дос, заңғар биік тауға шын.
Қарағайлы қатпарларын бұлт жапса,
Үйіретін əжем ылғи тəубəсін.
Түйіліп кеп кейде, бірақ, жаумайды,
Жаумайды да бұлт сеңдері аунайды.
Жай оғына тосқан алғаш кеудесін,
Жаңбырлы тау қазағыман аумайды.
Бура бұлттар көшіп жүрген асығыс,
Жұтырдың-ау, кезбе мінез жаңылыс.
бірақ, сенің жаңбырыңдай көктемгі,
Біздің көңіл ағыл-тегіл тасығыш.
Ірге көміп бір өңірге қонбады,
Түйелерін шолпан тумай қомдады.
Анау жатқан қорым тастар əжемнің,
Түсіп қалған құрты шығар сондағы.
Жаңбырлы тау жаңбырлаған мекенім,
Малшынады жасыл нілге етегім.
Енді білдім, ағыл-тегіл көңілдің,
Сенің қайсар мінезіңнен екенін.
Ауып кетпей тұрса орнында тау егер,
Толастама тірлік үшін жауа бер.
Жүрсін мейлі денелері малшынып,
Көк шалғынға құт іргесін жайды ел.
Бəлкім, онда бір құдірет бар шығар,
Жасарады жаңбыр сайын тал-шынар.
Беймəлім бір арулардың көзіндей,
Гүл үстінде мөлдірейді тамшылар.
Жел қақтырмай жылдамырақ сорсаңшы,
Ұзартады өміріңді сол тамшы.
Жаңбыр жауған жайсаң шақта мен де бір,
Дəл өзіңдей ашылатын болсамшы.
Анадайын өзің туған ақ самай,
Тұра алмайды тауды қазақ аңсамай.
Белгісі ме тауда өскеннің, əйтеуір,
Рухың ба, мəңгі жасыл аршадай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу