Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  93


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖЕРГЕ ТАРТЫП ТҰРАДЫ

Тұлғасына жердің кең қара бауыр,
Ойға батам кей-кейде қарап ауыр.
Елестейді топырақ бұрқылдаса,
«Шаңбай ауыз» атанған бала дəуір.
Сол бір кезде ойынды серік қылар,
(мүмкін менің əз анам жерің шығар).
Уыс-уыс асаушы ем топырақты,
Бойымдағы тонатып ерікті бар.
Өзі жомарт, өзі би, өзі керім
Ақ жаңбырдай сіберлеп сезімдерің.
Жер жүрегін беріле тыңдап жатып,
Қандай рахат, дариға-ай, көзілгенің.
Төрт маусымды өткеріп жерде осылай,
Тірлік күні жатады тең жосылмай.
Перезенті болған соң шынайы оның,
Жерге тартып келемін мен де осылай.
Жермен ғана жасайды осы жаным,
Жерсіз тіпті, тірліктен тосыламын.
Тіріде əйтеуір екі елі бөлінбеймін,
Ал, өлгенде бір жола қосыламын.
Ауыр ойлар еншіге берген артып,
Нар жолымен келемін мен де тартып.
Жол-жөнекей оралған өлеңім де,
Жерге тартып туса екен жерге тартып.
Көңілімнің қанбай-ақ, бір құмары,
Құмдарына ауанаушы ем сырғымалы.
Сонда менің зердемде құйылыпты-ау,
Жер төсінен құпия сыр бұлағы.
Өрлікті де бойынан ұққаным бар,
Жат алдында жаутаңдап бұқпадым дəл.
Бала кезден иіскелеп омырауын,
Тəтті дəмін құныға жұтқаным бар.
Соқсадағы бұрқасын дауыл мейлің,
Жонын төсеп тұрады тауың керім.
Бəріне де тəкаппар жілігі жоқ,
Мінезім де дəл жердеи ауыр менің.
Ойдың кейде ғайып боп болашағы,
Қара қошқыл бұлттардай тұтасады.
Сары күздей сарғайса онда көңіл,
Көктемедей қайтадан гүл ашады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу