Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  73


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АНАҢ ЖƏНЕ ЕКЕУІҢ

Көздерінде жас толып,
Шақтарында шаршаған.
Тəңіріне бас қойып,
Сиынды екен қанша анаң?!
Желпінеді-ау, күй үрлеп,
Қуанышқа қанса адам.
Қаншама күн күбірлеп,
Көз ілмеді қанша таң?
Құлағыңды күн анам,
Дегендей-ақ, тос бүгін −
Шын тілекке құлаған,
Іңгəлады қос құлын .
Сүйіншілеп жеткенде,
Силады деп қос өмір. 
Биге басып кеткендей,
Болды маған осы өңір.
Тоқтата алмай сезімді,
Қуанышпен маздаған.
Сүйіншіге өзімді,
Лақтыра да жаздағам.
Нұрланды өмір жолы енді,
Шуақ силап осы əлем.
Мені ұшыра жөнелді,
Іңгəлаған қос əуен.
Жүрегімде жыр түлеп,
Ыңылдаймын, əн салам.
Алаулады бір тілек,
Ақжол өмір аңсаған.
Біреуіңді тербетіп,
Біреуіңді емізген.
Ана мейірі− телегей,
Телегей ғой теңізден.
Қаз-қаз бастың, қаз-қаздан,
Тəй-тəй бастың, аз-аздан.
Екі жолы сияқты,
Өлеңімнің жазбаған.
Сапары мол сал əкең,
Жеткенде бір бебеулеп,
«Бабалап-ақ» бал еркем,
Жүгіресің екеулеп.
Қос балапан екеуің,
Қос қанатым жая ұшқан.
Мен де үлгере жетемін,
Қандай бақыт қауышқан!
Жаным менің жаңбырлап,
Онан ары маздаймын.
Екі етегім желбіреп,
Ұшып кетежаздаймын.
Ұмытылып бəрі естен,
Жолда көрген жапаның.
Жүрегімен əн ескен,
Кезек сүйіп жатамын.
Құшқандаймын нұр ғажап,
Қос қозым-ай кекілді.
Ақ қағаздың бір парақ,
Екі беті секілді.
Айта ала ма ол талғап,
Былдырлайды бірдеме.
Бара жатыр томпаңдап,
Болашаққа бірге əне.
Жеткізердей көп қызық,
Анаң жүзі нұр қандай.
Сендерменен жеткізіп,
Сағынышын тұрғандай.
Қуанышым− қызығым,
Анаң жəне екеуің.
Бойымдағы қызу үн,
Білгем сендер екенін.
Мəре-сəре баршамыз,
Шаттық шамын жаққандай.
Үйге қарай тартамыз,
Тойға бара жатқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу