Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  118


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Жалғыздық жамылған күз

Көшені кезеді ақ тұман
Ажалдың күпісін киініп.
Жапырақ құлайды сыбдырлап,
Самалмен үзілген күй іліп.
Күн батып барады қарашы,
Қып-қызыл мұңдарға құйынып.
Мен тұрмын жанымды ұға алмай,
Белгісіз күйікке күйініп...
Сұп-суық, тым суық бұл қала,
Бұлттар жүр тәкәппар, кекейіп.
Бәрінен тығылып батыста
Жабырқап барады от бейіт.
Құстар да жып-жылы аймаққа
Ұшуда... Тоқтаңдар, жетейік!
Жауратты бұл қала,
жүректер...
Құстармен ілесіп кетейік.
Самалға еріп-ап жапырақ,
Елес мұң кезуде көшені.
Ызғарлы бұл күзде мен жалғыз...
Жапырақ қыздардың өсегі.
Тұманға адастық бәріміз,
Көктемді ұмытып кешегі.
Мәңгілік көктемді іздеумен,
Бұл жалғыз бұл күзден көшеді.
Қоп-қоңыр көшені кескілеп,
Бір сұлу жүгіред асығып.
Қоп-қоңыр даладай шашынан,
Бұл күздің жұпары шашылып.


Мен сені бұл күзге қимадым,
Көктемгі шоқ гүлді жасырып.
Жапырақ жылады, құлады...
ақ моншақ мөп-мөлдір жас үміт.
Шаштарын тарады тағы да,
Сәулесін түсіріп Айым ақ.
Шомылып сәулеге ағарған,
Мұңайды тағы да қайың-ақ.
Сен басқан жапырақ жүректі
Әкетсе өзендер шайып-ап.
Қоңыр шаш бұл күзден мен кеттім,
Құстармен қанатты жайып-ап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу