Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  94


Автор: Гүлнәр Уәлиоллақызы

Балалық

Ойын қуып лақтайын секеңдеген,
Шақайменен су кешіп өтем деген.
Байбалам сап қой десе балалық-ай,
Белі шоттай әжеге көтер деген.
Бәріне де қызығы қымбатырақ,
Қоян қуып жүгірдік, ит асырап.


Ас ішуге үлгірмей ойнадық-ау,
Нан ала сап көрші үйден бір жапырақ.
Үй жасадық,
Жасадық қуыршақ та,
«Қонақ» келсе көк шөпті қуырмаққа.
Балалық-ай, алдыға ап «баламызды»,
Тепеңдедік ат қылып ыңыршаққа.
Жөн білер деп өзгелер ер тұтатын,
Ортамызда бәрінен өр түратын.
Балалық-ай, ересек ұл баланы,
Үлкендерге айтам деп қорқытатын.
Балалық-ай, бір демде шекісетін,
Көрместей боп ендігі кетісетін.
Балалық-ай, бал достар таза көңіл,
Бір тәттімен өкпе-наз бітісетін.
Көңілдері мөп-мөлдір бала доспен,
Өткен күнің өмірде қала ма естен.
Ал мынау кім?
Әкім ғой!
Кеше бізбен,
Асық ойнап жүгірген бала емес пе ең?!
Алтын күндей арайлы,
Секілденген жігіттер.
Қара шашың маңдайға,
Кекілденген жігіттер.
Алай-дүлей дауылдай,
Айбаттанған жігіттер.
Уәделескен уағынан,
Жай қап қалған жігіттер.
Алаулаған сезімді,
Өшірмеген жігіттер.


Кешігіп кеп күмілжіп,
«Кешір»деген жігіттер.
Кешірімшіл қыздар да,
Тайқамасаң, жігіттер.
Бұлттан соңғы күн ашты,
Байқамасаң, жігіттер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу