Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  66


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Тана жыр

Талпынып таудай биік арманыма,
Тәтті үміт қондырды ойдың заңғарына.
Көңіліңнің көгершіні кетті самғап,
Сен жүрген жерге жетіп барғанымда.
Бал ғұмыр бақ құраған ғанибаты,
Көркемдік деп көркейер адам заты.
Еңселі тау сәулетті маң сарайлар,
Сұлу екен өзіңдей табиғаты.
Қуалап лыпып көшкен сағымдарды,
Теңіздей тебіренді жан ырғағы.
Өзіңмен аз-ақ күнде қоштасқанмен,
Тана жырым өлкеңе тағылғаны.
Талдырып жанарыңды қада шыңға,
Дарын қонды ұлы тау дарасына.
Жүрегімнің жыры бар тарап кеткен,
Өзің жұтқан өңірдің ауасында.
Малындырмай жанымды бұла мұңға,
Жүрегімді аптадым жылы ағынға.


Сағымымен сезімім бірге сырғып,
Сыбырлаған сыр қалды бұлағында.
Сайын дала шалқар төс, сайы мына,
Алақандай алдымнан жайылуда.
«Ақөзендей» арманнан тамшы үйіріліп,
Көз болып орнап қалды қайыңына.
Ізім қалды айқасқан көшелерде,
Бақыт, шіркін, келер ме еселеуге.
Менің тұнық сезімімді еске алғайсың,
Ақ жауынға бетіңді төсегенде.
Өзің жүрген аумаққа барғанымда,
Қуанышың өзекті жармады ма?
Көңіл құсын сайратып тастап кеткем,
Әуен қос деп арайлы таңдарына.
Нар сағыныш жүргізсін көшін мейлі,
Жүрек жібек бұйдасы шешілмейді.
Көп халықтың ішіндегі елесімді,
Сен болған соң ешкім де өшірмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу