Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  83


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Мен деген жаны өзгеше бір әлеммін

Шырын сезім жүректің шертеді үнін,
Мейіріңмен көктемнің бер көрігін.
Тұлғалы батырдайсың
Саған ғана,
Жарасатын секілді еркелігім.
Кісі емессің елпілдеп ісінетін,
Табынамын махаббат күшіне тым.
Өзің ғана жанымды
Сезілесің
Өзгелерден артықтау түсінетін.
Анадан туылған соң дара болып,
Бауырыңа жуықтадым пана көріп.
Сен ғана сабырыңа сиғызасың,
Ойнақтасам алдыңда бала болып.
Сенен өзге сезілер ақылды кім,
О, ғажап, саған қалай батымдымын.


Тек, өзіңе белгілі сияқтанад,
Шаттығымнан мұң басым ақындығым.
Жауап берем жаныңның сотына ардан,
Қумайды адам ессіз тосын арман.
Дүниеде мені сүйген бір жан болса,
Ол сенсің - жанарыңнан оқып алғам.
Кербездігің жарасқан бар бойыңда,
Теңгермеймін жігіттің қандайына.
Мен деген жаны өзгеше бір әлеммін,
Сенің ғана сиятын маңдайыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу