Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  60


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Бұл маңайда уылжыған жиде жоқ

Ой-хой, шіркін, бала күнгі күй бөлек,
Балағыңды дүзген, тікен тілмелеп,
Ала жіпті белімізге байлай сап,
Аттанушы ек келеміз деп жиде жеп.
Бас қосуды сұрама сен ол күнгі,
Басталушы ед қызық-думан не түрлі.
Тал-тоғайдан шөмшек теріп сонан соң,
Жиде алушы ек буып тастап отынды.
Сен ағашқа шыққаныңда жармасып,
Ентелеуші ек жейдеміздің алды ашық.
Сен сындырған мөлдір қара жидеге,
Үймелеуші ек таласып та, тармасып.
Бала күнді, ауылды кім ұмытады,
Сексеуіл бел, жыңғыл жылға бұталы.
Лүпілдеуші ед менің титтей жүрегім,
Солқылдаса сол жиденің бұтағы.


Отын тартқан талауырап оң білек,
Қайтушы едім қос жанарым мөлдіреп.
Марсиушы ем салымы мол аңшыдай,
Көп жидені ағам алып берді деп.
Ой-хой, шіркін, бала күнгі күй бөлек,
Нар сағыныш жел қиялды тұр бөгеп.
Алты қырдың аржағында жүрмін мен,
Бұл маңайда уылжыған жиде жоқ.
Қара құмда, қара жиде ішінде,
Қара жігіт бағыңды іздеп жүрсің бе?!
Үмітіңді үзіп кеткен жидедей,
Бәлкім, бір қыз мазалап жүр түсіңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу