Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  70


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Аунақшиды Үліңгір

Аунақшиды Үліңгір,
Емінеді құмың құр.
Сыртың толқын, ішің дүр,
Елігеді құлын жыр.
Бүктетілген су тағдыр,
Кірнесі ұстап қалғандай.
Жаға толы, қылтаң кіл,
Ал, балықшы, малмандай.
Жағалауды итерген,
Ішкі күштің қиыны-ай.


Көз жасыңды сүртер ме ем,
Күн желегін қиып ап.
Ертісіңді салалап,
Көк мұхитқа ағайын...
Толқыныңмен домалап,
Бірге кетіп қалайын.
Жұлдыз болып түбіңе,
Қонып қалғым келеді.
Ай қараса үңіле,
Өліп-талды деме оны.
Дүниеге сыймаймын,
Ал, сен үшін тамшы-жан.
Аққуы едім ұяның,
Жұмыртқаңнан аршыған.
Саған көз-сұқ тимесін,
Мерген қыз боп атайын.
Ақ қысыңа үйлесіп,
Қаймақ мұз боп қатайын.
Тула-тула, көл-анам,
Сенсіз соқпас жүрегім.
Бу боп бірге жоғалам,
Жазың жайса тілегін.
Толқы-толқы, тебірен,
Санаспан шет-шегіңмен.
Қызылыңның өзінен,
Қызғанамын сені мен.
Қашан сенің арнаңа,
Бұлақ болып құямын.
Жыр елінен жарнама,
Жетелейді сия-мұң.


Жағалауың жалбас құм,
Жолбарыстай жұтынған.
Уақыттан бар тасқын,
Ұтатын не ұтылған...
Балығыңдай менде де,
Баяны жоқ тіршілік.
Қайсы азудың жеміне,
Қалар екем ілігіп.
Көл-тұғырым тегім де,
Бірге ағады ғұмырым.
Кім біледі тегінде,
Жұтар ма екен сені құм,
Мені мұң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу