Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  87


Автор: Сағыныш Намазшамова

ДАЛАНЫҢ ДАНЫШПАНЫ

Көксу, Іле, Құйған мен Қараталың,
Қонысына құт болған сан атаның.
Текелі, Алтынемел, Шолақ тауды,
Аялап өткен абыз алақаны.
Телегейге бастайтын бұлағы еппен,
Жетісуды Жаратқан жұмақ еткен.
Мұнда есімін ұрпағы ұран еткен,
Тілі қылыш, қырағы қыран өткен.
Таңба салған тайдай ғып ғасырға айқын,
Тарихым бар жарасын жасырмайтын.
Қоңтайшысы бас болған қалмақ жаулап,
Ерікті елді ешкімге бас ұрмайтын.
Оты сөнді, туралып туырлығы,
Сәбилердің ұмытылып құлын күні.
Қанқұйлы қалмақ елді ойран етіп,
Атқа өңгеріп әкеткен бұрымдыны.
Ерке жел есті сөзді ала қашқан,
Ертеден дала аңыз, дала дастан.
Қазаққа ес бола алған Ескелді би
Кезеңде қара қашқан, төре адасқан.
Жабы емес, жауға мінер ат таңдаған,
Бабам барда кем бе екен жаттан бағам?!
Нөпір ғып батыр нөкер жинағанда,
Қалмады ер азамат аттанбаған.
Белдеуде ат, белде қылыш, бекем ерің,
«Әруақтап» жауға шапса, жетелер үн.
Мұрат еткен азат та бірлікті елді,
Бүтіндігін жусан мен бетегенің.
Атқанда жігер таңы, намыс таңы,
Алаштың атқа қонған арыстары.
Азатпыз,
баста бүгін болашақтың
даңғылына,
даланың Данышпаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу