Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  82


Автор: Сағыныш Намазшамова

АЛТЫН БАЛЫҚ

Алтын балық
Ауға түсті ажалы алқымға алып.
Торда тулап жатты да, тілге келді:
«Үш тілек айт.
Шартыңды ал, тыңдалық!».
Жай жымидым, кемпірше кесірленбей,
Оқыстан не айтушы ем көсілгендей?!
Зәулім үй, асқан байлық сұрамадым,
Демедім атақ-тақты өсір демде, ей!
Десек те жақсы-жаман сыңар еткен,
Қылығым жоқ өзгеге қылар өктем.
Атақ, байлық – бәрінен бұрын әсте
Тәубемді тал бойыма тұмар еткем.
Сұрасам, тек Алладан сұрағаным,
Жолымда ынсап – серік,
шырақ – арым.
Арасы адалдық пен адасудың
Білемін, болатынын бір-ақ адым.
Теңізге кетті балық, алаңсыз ой,
Демедім ешкімге де «Саям Сіз ғой».
...Сұрап алған достықта қадір бар ма,
Сұрап алған бақыт та баянсыз ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу