Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  80


Автор: Сағыныш Намазшамова

ЖЫР ЖҮРЕГІ

Сара Тастанбекқызына
Кіндік кесіп, құндақтаған, өр елім!
Тал бесікте жыр несіпке бөледің.
Сарадайын дара туған саңлаққа
бағышталған дұғам болсын өлеңім.
Көкжайдағым, ырыс қонып, тұнған бақ,
Көк жайлауым Сара болып жырланбақ.
Менің де анам жөргегімді жуған су -
Ақсу жатыр бұрымыңдай бұлғаңдап.
Тауқыметі таусылған ба тағдырдың?!
Зарлы үн үшін, заман, сені жазғырдым.
Жиенқұлға жіпсіз байлап бердің де
Азаттығын аңсаттырдың аз күннің.
Арулардың арқалаған арманын
Құрбан етті жазылмаған заңдарың.
Өмірі емес өнеріне еліктеп,
Тіршілікте өлеңімді қармадым.
Туған айдай толықсыған реңің,
Ақындардың бірі ең, апа, ірі едің.
Баянжүрек жер жүрегі демеп пе ең,
Жыр жүрегі болды сенің жүрегің.
Бұл Ешкіөлмес -
Жайлауы ғой жайы түскен жасынның
Табанының табы қалған асылдың.
Еміреніп кеп маңдайымнан иіскеші,
Балаң едім, бауырыңа кеп бас ұрдым.
Тамшыбұлақ... тамшы құлап тастардан,
Мөлдірліктен ұлы мұрат басталған.
Ақсұңқар қыз - ақ домбыра айналы
Асқақ үнін естіртеді асқардан.
Енді еңсесін тіктеген гүл түсі аппақ,
Үзілді кенет алға ұмсынып, үш аттап,
Дала төсі аялаған ақ гүлін,
Қарашоқы жатыр енді құшақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу