Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  85


Автор: Сағыныш Намазшамова

Жасандыны бүркемелеп жарнама....

Жасандыны бүркемелеп жарнама,
Жалған тұғыр соғып жатыр қарғаға.
Сайтандардың сыбыры көп тірлікте
Айқайлауды ар көретін Ар ғана.
Төрге де озбай тосылғанда кішілік,
Кісімсиді кеуек кеуде ісініп.
Қай жерде жүр ертегінің Жаманы,
Сынағанға –
сырты ұсқынсыз, іші құт?
Ертегі-өмір «Ертеде бір...», - деп тағы
бастады да кібіртіктеп тоқтады.
Ертегі емес,
ертеңіне алаңның
Өзегінде өмір емес, өт дәмі.
Қай ырым-ды?
Қайырымды кәделі,
Әсіресіз әрлі еді оның әлемі.
Кереғарға күліп аштық есікті,
Келе нарға жүк болар-ау әлегі.
Не үшін айтам, несін айтам, әй, бірақ,
Жалғандыққа дәл осысы жайлырақ.
Соғыстырған қилы адамды қай түлен?
Тоғыстырған қандай мүдде, қай мұрат?
Бәрі-бәрі араласты мидай боп,
Шындық аз да, шатпақ пенен шимай көп.
Қурай кепкен сына қоймас сірә да,
Сыймай кетсем сүйем Жерге тулай кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу